Тұңғышбай Юдинаның тергеуге қалай "көмектескенін" айтты

Dalanews 08 мам. 2017 13:20 252

– Тұңғышбай аға, сіз екеуіміздің бұл сұхбатымыз тек шындықты айтуды талап етеді. Алланың алдында, өзіңіздің арыңыздың алдында, халықтың алдында, болашақ ұрпақтың алдында тек шындықты ғана айтуға уәде (ант) бере аласыз ба?

– Әрине, уәде беремін! Ант беремін!  Шындықты айту үшін өзіңді шақырдым емес пе?!.

– Қаражат алу, жұмсау, жалпы, қаржы мәселесінде құжаттарға сіз қол қоюшы ма едіңіз?

– Әрине, жоқ. Қаражатты қаншасын қайда жұмсайтынын, қай фирмаға қанша шығын жұмсайтынын, кімге қанша айлық беретінін мен білмеймін де, оған менің қатысым да жоқ. Қаржы мәселесіне қол қоятын, тіпті, менің хақым да жоқ қой, мен кино саласының бүкіл экономикалық, бухгалтерлік есеп-қисабының қандай болатыны білмеймін.

Қаржылық құжаттарға қол қою құқығы атқарушы продюсер Юдинаның қолында. Және менің фирмамның директорының қолында. Атқарушы директор «мынанша ақша керек» деп менің фирмама келеді, менің директорым сұраған ақшасын береді, ол алып кетеді. Сөйтеді де ол тиісті шығындарға жаратады, сосын «мынанша қаражат жараттым» деп есеп береді. Қағаздарды, барлық есеп-қисапты Юдина мен біздің бухгалтер «Қазақфильм» киностудиясына өткізеді.

– Сіздің фирмаңыздың атқарушы директоры кім?

– Еспаев деген жігіт. Алдында Әбдірахманов деген жігіт болған… Барлық құжаттарға солар қол қояды, ақша айналымына, есеп-қисапқа солар жауапты. Алдыңғы кезеңде 79 миллионның 44 миллионы игерілді деген отчет «Қазақфильмге» тапсырылған. Қалған 35 миллионы кейін игерілді, оның есеп-қисабы, құжаттары дайын тұр. Сол отчетты тапсырарда, жоғарыдан нұсқау келді ме, «Қазақфильм» бұл документтерді қабылдамай қойды. Факт бойынша жоспардағы нақты жұмыстар жасалынды, еңбек еткен жұмыскерлер жалақысын алды, бухгалтерлік есеп-қисап құжаттары бар, шығынның бәрі орын-орнында… Қабылдамады. Сол кезде тергеу басталып кеткен кез еді, соны себеп қылды да, отчетты қабылдамай тастады…

– Шығынның орны бар, бірақ сізге жала жауып отыр ма сонда?

– Бұл жала. Екі әйелді қорлап… Әйел адамды!.. Біреуі жас қыз, біреуі орыс әйел, тіс қаққан қу… Мына біздің фильміміз оның бесінші ме, алтыншы фильмі! Юдинаның. Мүмкін ол қалай ұрлауды, қалай неғылуды білетін шығар… Бірақ мен оған талай айттым, «байқаңдаршы, артық-ауыс тиіспеңдерші, келесі жұмыста «прибыль» болады, сол кезде айлықтарыңды көп алатындай жағдайға жетеміз, осы бірінші проектімізді абыроймен өткізейікші…» деген өтінішімнен басқа не деймін?

Оларға мен ұрлап беріңдер деп қалай айтамын? Өзім барып мемлекеттен жалынып сұрап алған ақшаны ұрла деп??!. Өзімнің фирмамнан өтіп жатыр. Өзіме өзім көр қаза алмаймын ғой мен! Қоспасам – алмаймын ғой!.. Халық біледі, мен театрға тоғыз жыл директор болғанда, бүкіл бет-әлпетімді, бүкіл жинаған абырой-атағымды сол театрға жұмсадым! Төбесін қайтадан жаптым! Құлап жатқан мраморларын қайтадан өргіздім, оның бәріне үкімет ақша берген жоқ!.. 1993 жылдан 2001 жылға дейін – ең қиын замандар болды. Жұмыскерлер айлығын ала алмай қалған кездерде мен Мәдениет министрлігін айналып өтіп, Қаржы министріне барып, «бірінші Әуезов театрына – ата театрға жіберіңдер ақшаны» деп сұрап алып, сондай жағдайға жеткем. Басқа театрлар, мекемелер айлап-жылдап айлықтарын ала алмай жүргенде, біздің театрдың адамдарының айлығы бір күн де кешігіп көрген жоқ. Басқа театрлар гастрольге бара алмай жүргенде, біздің театрымыз тоғыз жыл бойы ылғи да гастрольдерге шығып жүрді. Сонда мен бет-әлпетімді әкімдерге сатып, жалынып, алдарына барып, «әй, мынау – Ата театр ғой!..» деп, бар мүмкіндігімді, керек десең, қалтамдағы барымды театрға төккен адаммын, құйған адаммын!..

Ал мына кезде өзім жасап отырған проектіден өзім бірдеңе жырымдап алу – ақылға сыймайтын нәрсе ғой! Өзім отырған бұтақты өзім кесемін бе?!. Сонан соң, айналайын, менің алған тәрбием басқа! Біз кеңес өкіметінің тәрбиесімен өмір сүрдік. Бір айлықпен ғана, маңдай тер еңбекпен ғана табатын айлықпен өмір сүріп, соған қанағат ету әбден санамызға сіңген адамдармыз. Ол заманда бір тиын үшін жауап бересің!

Егер қазір менің астымда мәшинем болса – ол халықтың маған деген ықыласынан мінгізген мәшинесі. Өмірімде мен екі мәшине міндім, екеуін де халық мінгізген. Сондықтан менің санамда, өзім еңбек етіп жүріп, бетімнің әрін бес төгіп, мемлекетке барып сұрап алған ақшаны қалтама салу деген – менің миыма сыймайтын түсінбейтін нәрсе! Мүмкін емес олай жасау! Қазір осы нәрсе менің мойныма ілінгені… менің шақшадай басым шарадай болды. Қайта-қайта.., міне осымен қанша рет жедел жәрдем шақырдым?!. Жеті-сегіз рет жедел жәрдем шақырдым.

Мен әжептәуір ауылда өскен жігіт едім, анау-мынауға бой бермейтін, денсаулығым, құдайға шүкір, жақсы, қой бағып, шөп шауып, жер аударып, арба айдап, қара жұмыс істеп, ауылда өскен қажырлы жігіттердің бірі едім!.. Және театрда қаншама-қаншама рөлдер ойнадым – жүрегімді парша-парша қып!.. Мынаған көнетіндей жағдайым жоқ, жеті-сегіз рет жедел жәрдем шақырып, соңғы рет жүректі қарайтын кардиологиялық ауруханаға түстім. Он күн жатуым керек еді, олардан финполдың адамдары келіп сұрастырып, «анық па, анық емес пе?..» деп біліп, «бір жетіде шығарыңыз» деп оларға тапсырма беріп.., сөйтіп мені сегіз күннен кейін шығарды.

Соттың отырысына бардым. Әлі де жүрегім ауырып отыр. Қазір жатсам да, қайтадан жатар едім, бірақ қайта-қайта ауруханаға жата берген деген… «немене бұл, қашып жүр ме?..» деген ой келеді-ау деген уайым мен ұяттан қазір өзімнің денсаулығымды ойлаудан қалдым. Бір күні көзім жұмылып кетсе, осы әңгімем қалатын шығар, басқа не қалады менде?!. Артымда жылап бала-шағам қалады… бірақ мен өзімнің жүрегіммен бірге өнеріме деген әділдігімді, еліме деген әділдігімді, мемлекетіме берілгенімді ала кетем… (үнсіздік)…

– 69 млн теңге мойныңызға іліп отыр ма?

– Тергеу барысында… О баста тергеу дұрыс болмады… Ал тергеу барысында жаңағы Мужиков деген жігіт «мужикпін» деген сөзінде тұрмады… жаңа айттым ғой, «мен жіберемін, ертең істі жабамын, босатамын» деген Мужиковіміз мен больницаға жатқаннан кейін екі күннен кейін теледидардан: «Тұңғышбай Жаманқұлов мойнына алды 69 миллионды, енді 6 миллионын төледі…, қалғандарын төлей бастады…» деген жалған ақпарат бұрқ ете қалды. Ол мені тағы ұшырып түсірді. Содан кейін, берген уәдесін орындамағаннан кейін, кейінгі соттарда мен алдыңғы мойындауымнан бас тарттым. «Біз келіскенбіз!» дедім.

Судья маған орынды сұрақ қойды: «Тұңғышбай Қадырұлы, сонда бұл сауда болды ма сендердің араларыңда?» деп орысшалап. Мен айттым, «сауда болды, судья мырза, осылай-осылай деп айтты, сондықтан мен мойныма алғам, бірақ олар қыздарды да шығарған жоқ, маған берген уәдесін де орындаған жоқ, істі жапқан жоқ!.. Бірін де орындамады!..» деп. Керісінше, Юдинаны өздерінің жағына бұрып, «тергеуге көмектесті» деп, «бүкіл жасаған кінәраттардың барлығын Тұңғышбай арқылы жасадық» деп жаздырып, әлгі «Айыптау актісі» дей ме… сол 60 беттік «Айыптау актісін» оқып қарасаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Бәрін Тұңғышбай айтыпты, «ана жерге бар да сен ақшаны шаш…, Тұңғышбай айтыпты, мына жерге бар да ақшаны бер… Тұңғышбай айтыпты, сен ана жерге бар да, ақшаны жасыр…» депті. Мүмкін емес нәрсе! Сөйтіп менің өмірімде бір еліме, жұртыма, ең бірінші өнерге осындай бір жаңа үрдісте, жаңа технологиямен, дүниежүзіне белгілі болатындай жағдайға жететін проектімнен Құлагерше… атылдым… Батыраш-Қотыраштарға атылдым… Қособаның түбінде…

Сұхбаттасқан Сәуле Әбединова

Дереккөзі: akjunis.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x