Қазақстанда кейінгі бес жылда 18 жасқа толмаған 12 мыңға жуық қыз бала жүкті болған

Қаракөз Амантай 12 мам. 2025 13:13 453

Қазақстанда кейінгі бес жылда 18 жасқа толмаған 12 мыңға жуық қыз бала жүкті болған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ысқақова атап өткендей, жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулық туралы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға арналған шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдар, білім беру және медициналық мекемелер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестер атсалысуда.

"Бұл бағытта мемлекеттік органдар, медициналық және білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестер бірлесіп жұмыс істеуде. Алайда, жауапкершілікті тек мектептерге немесе ата-аналарға артып қою дұрыс емес. Халықтың денсаулығы — бұл баршаға ортақ жауапкершілік, ол ұлттық игілікке негіз боларлық маңызды мәселе", — деп атап өтті ол ОКҚ алаңында.

Бұдан бөлек, Жұлдызай Ысқақова жастар арасында АИТВ туралы ақпараттың жеткіліксіз екендігін атап өтті.

"Соңғы бес жылда елімізде 18 жасқа толмаған 12 мыңдай қыз бала жүкті болып қалған. 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық белсенді, алайда UNFPA зерттеулеріне сүйенсек, олардың көпшілігінің АИТВ мен ЖИТС туралы білімі төмен", — деді спикер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар