Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің тікелей келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол Telegram-арнасында ресейліктердің «соғысты тоқтату туралы ақыры ойлана бастағанын» жақсы белгі деп атап өтті. Зеленскийдің айтуынша, Украина ең алдымен атысты тоқтатуға күш салады.
"Ресейліктердің ақыры соғысты аяқтау туралы ойлана бастағаны — бұл бүкіл әлем күтіп жүрген оң белгі. Кез келген соғысты шын мәнінде тоқтатудың алғашқы әрі ең маңызды қадамы — атысты доғару. Адам өлтіруді бір күнге болса да жалғастырудың еш мәні жоқ", — деп жазды Украина президенті.
Оның сөзінше, Украина 12 мамырдан бастап Ресей атысты толық, ұзақ мерзімді және сенімді түрде тоқтатады деп үміттенеді. Зеленский Киевтің келіссөздерге дайын екенін атап өтті.