Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды қарсы алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр. Келіссөздер барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланып, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылмақ.
БАӘ – Қазақстанның араб әлеміндегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі мемлекеттің басшылығы тауар айналымын $1 млрд-қа дейін ұлғайту жөнінде бірлескен шаралар қабылдауда.