Әкімнің көлігі 56 млн теңге тұрады

Dalanews 30 қаң. 2017 15:23 286

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жаңа жылда жаңа Audi A8 көлігіне отырды. Көліктің құны – 56 млн теңге немесе 169 мың доллар, деп хабарлайды Baq.kz.

Облыс әкімінің қызметтік көлігінің нөмірі де көздің жауын алады: 001 WK.

Mercur Auto компаниясының Алматы қаласындағы өкілдігінің ақпаратына сүйенсек, Оралға соңғы Audi A8 Long автокөлігі жеткізілген. Енді дилер басқа тапсырыс қабылдамайды. Себебі, осы жылдың күзінде бұл көліктің жаңа үлгісі шығады.

Алтай Көлгіновтің жаңа көлігі арнайы тапсырыс бойынша жасалған көрінеді. Автокөліктің салоны сирек кездесетін ағаштың түрлерімен әрленген, әрі қымбат мультимедиялық жүйемен жабдықталған. Компания су жаңа көлікті Оралға өздері жеткізген.

Машинаның нарықтағы құны – 56 млн теңге немесе 169 мың доллар.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі әкімнің жаңа көлікті сатып алғандығын растаған. Алайда кейін олар өз мәлімдемелерін өзгертіп, өңір басшысы көлікті жалға алғандығын айтты.

«Қаржыны үнемдеу мақсатында біз көлікті жергілікті кәсіпкерлерден жалға алдық. Алтай Көлгінов жаңа көлікке жаңа жылда отырды», – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов.

«Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, баспасөз қызметі әкімнің қымбат көлікті қай кәсіпкерден алғандығын айтпаған.

Жарқын Жұмаділов тек «Audi 8L» көлігін жалға алу бағасы айына 50 мың теңге екенін айтты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x