Кеше кешке бірқатар ақпарат құралы экс-Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын хабарлаған. Бүгін бұл деректі Бас прокуратура растады. Осы тұста бірқатар телеграм-арналар экс-министрдің ұсталуына байланысты маңызды мәліметтерді бөлісіп үлгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тұрғымбаев не үшін кінәлі деп танылды?
Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғау туралы арыз-талап екі жылдан бері айтылып келді.
"Чемодан госсекретов" телеграм арнасының мәліметінше, тергеу барысында Тұрғымбаевтың "шапырашты кланының" мүддесі үшін әрекет еткені туралы бұлтартпас дәлелдер пайда болған.
"Ол президент Тоқаевты қорқыту мақсатында Қаңтар оқиғасының масштабын асырып көрсеткен, тәртіпсіздікке байланысты шындыққа жанаспайтын мәліметтер берген. Сонымен қатар Алматыдағы жеке құрам қызметкерлеріне жұмыс орнын тастап кетуді бұйырған. Тергеу кезінде Қаңтар оқиғасына қатысты басқа да маңызды мәліметтер анықталды. Тұрғымбаев ескі Қазақстанның белді өкілі Ахметжан Есімовпен тығыз байланыста болған және соның адамы деп есептеледі", - деді арна дереккөзі.
Ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын ең алдымен қазақтілді медиа хабарлады.
"Біздің дереккөздердің мәлім еткеніндей, бүгін экс-Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Мұндай шешімді арнайы прокурорлар Тұрғымбаевқа қатысты "2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаға байланысты қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қабылдады", - деп жазды Nege ақпараттық порталы.
Еске салайық, 20 наурызда Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы бойынша Тұрғымбаевтан жауап алғанын жария еткен.
Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігін 2019 жылдың ақпан айынан бастап басқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай – 2022 жылдың 25 ақпанында қызметінен босатылды.
Одан кейін 2022 жылдың 17 тамызына дейін 6 айға жуық президенттің кеңесшісі болды, кейін саясат сахнадан жоғалып кетті.
"Ерлан Тұрғымбаевтың бір мезетте кеңесші лауазымынан босатылуы оған ведомствоаралық тергеу тобы тарапынан сұрақтар болғанын айғақтайды", - деп жазған еді сол тұста Dala inside телеграм арнасы.
Ерлан Тұрғымбаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыға 20 мыңға жуық лаңкес келгенін хабарлаған еді. Одан бөлек, бірқатар телеграм арналарда "Тұрғымбаев атышулы "Дикий Арманның" Қаңтарда Қазақстанға еркін кіруін қамтамасыз еткен" деген ақпарат тараған.
"Қылмыстық істе мемлекеттік құпия мәліметтер болуына байланысты соталды тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды", - дейді өз кезегінде Бас прокуратура.