Кейінгі кезде қазақтар ов, ев, ин (ова, ева, ина) деп аяқталатын тектерден арыла бастаған

Сағыныш Сардарова 30 сәу. 2024 17:30 6855

Кейінгі кезде қазақтар ов, ев, ин (ова, ева, ина) деп аяқталатын тектерден арыла бастаған. Ұлттық статистика бюросы есімдер мен тектерге қатысты қызық статистика жүргізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанда 10 000-нан аса рет 69 қазақ тегі кездеседі. Осылайша, қазақтың алғашқы тектер үштігіне Ахметов (56 мың), Серік (39 мың), Омаров (36 мың) кіріп отыр.

Қазақтар арасында ов, ев, ин (ова, ева, ина) болып аяқталған тектер үлесі 64 пайыз болады. Алайда әр жылы туғандардың тектерін талдағанда, мұндай тектердің үлесінің азаю динамикасы байқалған.

Сондай-ақ, көптеген қазақстандық -вич, -вна дегеннен гөрі ұлы/қызы дегенге көшіп жатыр.

Одан бөлек Азамат пен Аружан – Қазақстандағы ең танымал қазақ есімдері. 2021 жылғы санақ кезінде Қазақстанда Азамат есімді 63 мың ер адам және Аружан есімді 73 мың әйел тұрған. 

10 000-нан аса рет 136 ер және 146 әйел есімдері кездеседі. Осылайша, ер адамдар арасында ең танымал есімдер Азамат (63 мың адам), Серік (53 мың адам), Марат (50 мың адам), әйелдерде – Аружан (73 мың адам), Мадина (59 мың адам), Динара (59 мың адам) болды.

Ерлер мен әйелдер арасында бір мезгілде танымал болған есімдер – Бақыт пен Сәулет. Ерлерге де, әйелдерге де тән есімдері бар адам саны – 585 мың.

Қазақ ер есімдеріне ең көп жалғанған сөздер – "бай", "бек", "жан", "хан". "Бек" өткен ғасырда өте танымал болғанымен, 2000-шы жылдардан кейін бәсеңдей бастады. Бұл ретте құрамында "хан" сөзі бар есімдер соңғы 30 жыл бойы тұрақты түрде өсіп келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар