Заңгер: Қоғамдағы өзекті мәселелер мен шындық айтылды

Dalanews 11 янв. 2025 19:04 194

Қазақстандық сарапшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатына қатысты өз пікірлерін білдіруде. Заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Қазыбек Дәуітәлі бұл сұхбатты мемлекет басшысының бейресми үндеулерінің бірі ретінде бағалайды.


«Менің ойымша, көптеген өзекті мәселелер қамтылған. Нақты тарқатып айтатын болсақ, 33 сұрақ, санап шықтым, көтеріліп отыр. Осының 8-і сыртқы саясатқа, қалғаны ішімізде болып жатқан мәселелерге бағытталған.

Қоғамдағы түйткілді болып отырған сұрақтар қойылған, ащы шындықтар айтылған. Талғардағы оқиға болсын, қаңтар оқиғасы болсын, сондай-ақ алып қашпа әңгімелерге де, енді біздің заманымызда, цифрлық қоғам болғаннан кейін, жаңағы және әлеуметтік желінің бір ерекшелігі де сол — алыпқашпа сөз көп жүреді. Осыларға да қатысты өз пікірлерін білдірді. Сондықтан бұл сұхбат бір жағынан тірі, осы жағынан алғанда қызықты. Сондай-ақ, осы күнге дейінгі жасалған реформаларға баға беруі де қызықты. Президенттің оңдысын оң, дұрысын дұрыс деп, байсалды баға беруімен қызықты деп ойлаймын»,- дейлі заңгер.


Маманның пікірінше, бұл сұхбаттың басты ойы – заң және тәртіп мәселесі. Оның айтуынша, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттікті қамтамасыз ету үшін заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, бұл тақырып Президенттің ел дамуының стратегиялық бағыттары аясында бірнеше рет көтерілгенін атап өтті.


«Бауыржан Момышұлы айтқан: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тезисінің төңірегінде мәселелер көтеріліп отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың жүре беретіндігі – бұл ыстыққа да, суыққа да қарамайтындығы, яғни мемлекетте түрлі жағдайлар болады. Біз, мысалы, геосаяси ахуалдарда болуы мүмкін, бірақ оларға қарамастан, біз осы заңдылықты, орталық құндылық ретінде көріп, ұстап отырмыз.

Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл құқықтың үстемдігі, заңдылық пен құқық қағидасының маңыздылығы өте өзекті. Қай салада болсын, бұл – жаңағы қарғын су келді, оны құрықтауда, оның алдын алуда, онда жіберілген қателіктерге баға беруде. Қай жағдайда болмасын, заңдылық және құқықтық тәртіп – ол орталық құндылық, өйткені мемлекет басшысы көтеріп отырған екі мәселе қазір алдыға қойылып отыр.

Біріншісі – экономикалық өрлеу, яғни халықтың әл-ауқаты жақсару тиіс. Екіншісі – бұл егемендік мәселесі. Былайша айтқанда, мемлекет дегеннің өзінің бір атауы – бұл дәулет. Дәулет дейміз, дәулет, яғни дәулеттілік, құт-берекеге, молшылыққа әкелетін экономикалық дұрыс саясат. Және екінші жағы – бұл егемендік мәселесі, яғни мемлекеттің іргесін шайқалтпау, оны ұстап тұру. Келесі ұрпаққа аман-есен, сау, дұрыс демократиялық институт ретінде жеткізу – бұл өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

Меніңше, президенттің айтқысы келгені – осы тақырыптың аты да нақтыланып тұр: экономикалық өрлеу және біздің егемендігіміз»,- деп санайды заңгер.
Президенттің сұхбаты қоғамда қызу талқыға түсіп, әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқылануда. Бұл құбылыстың себебін заңгер Қазыбек Дәуітәлі былайша түсіндіреді.


«Президенттің сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде өзекті тақырып ретінде көтеріліп жатқан қандастарға қатысты, Талғардағы оқиғаға байланысты айтылған пікірлер де бар. Неге қандастарды заңды түрде сырт мемлекетте сақтап отырған жағдайдағыдай, біздің мемлекетке келгеннен кейін сақтамайды деп түсіндірушілер мен түсінушілер әртүрлі?

Шынын айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қандас ағайынға қатысты позициясы өте оң. Ол кісінің өзі «оралман» сөзінен бас тарту туралы, оны «қандас» сөзімен ауыстыру туралы ұсыныс бергенін бәріміз білеміз. Қоғамдағы, мемлекет құрушы ұлт – қазақ, олардың да позициясы оң, мысалы. Енді тұрмыстық деңгейде бір кикілжің немесе басқа жағдай болуы мүмкін, ол шынайы. Бізде қандас ағайындарға қатысты дискриминациялық, ашық саясат жоқ. Демек, мәселе неге? Қоғамның сол бір сөзге, жағдайға, мәтінге шүйлігіп жатқан себебі менің ойымша басқа да жатыр. Тереңде, яғни Талғардағы оқиғаның өзі. Бишімбаев сотына да халық қатты үре түре келіп, «бұны сатып алып қоймай ма?» деп алаңдады. Бұл жаңағы үкім бұзылып кетпей ме, жазадан аспай қалмай ма деп күмәнданды.

Талғардағы жағдайға қатысты да қоғамда осындай күмән бар. Бұл күмән бір күнде туындап отырған жоқ қой. Біз соңғы 30 жылда осындай жағдай қалыптасты, өкінішке қарай, яғни заңдылық мәселесіне сенімсіздік болды, әділеттілік мәселесіне сенімсіздік болды. Ол бір күнде жойылып кетпейді. Сондықтан да Талғардағы жағдай бойынша мен ойлаймын, қазір тергеу, тексеру амалдары объективті жүріп жатыр, ешкімнің басы екі емес. Өйткені президенттің де бақылауында отыр. Бірақ менің ойымша, бұл жерде осы жағдайларды қоғамда ашық талқылауымыз керек. Сондай платформаларды енгізуіміз керек. Мәселен, менің ойымша, заңдылық пен құқықтық тәртіп жөніндегі барлық өңірлерде комиссия құрылуы керек еді»,- дейді заңгер.


Жазып алған Гүлмира Сыздыққызы

 


Рекомендовать
Последние новости