«Харекет» қайырымдылық қоры ШҚО студентіне баспана сыйлады

Dalanews 16 дек. 2021 20:07 1097

С.Аманжолов атындағы ШҚУ 3 курс студенті Айтолқын Болатқызы үшін күтпеген тосын сый орын алды. Жоғары оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген «Харекет» қайырымдылық қорының өкілімен бірге концерт кезінде білім алушыға пәтерінің кілтін табыстады, – деп хабарлайды Dalanews.kz С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтолқын Болатқызы 14 жасында жүру қозғалысында кінәрәт пайда болып, әжесінің қамқорлығында қалды. Дегенмен жақсылықтан үміт үзбеді. Шығармашылықпен айналысып мектепті бітірген соң Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түсті.

Айтолқын университетте де өз шеберлігін көрсетіп, өлең жазады. Жақында ғана Amanzholov University дарынды студенттерінің шығармалары жинақталған «Ұшқыннан жалын лаулайды» атты кітап жарық көрді. Жаңа туындының 115-бетінде оның «Абай атама арнау», «Карантин» сияқты бірнеше өлеңдері енген.

– Университет басшылығы Айтолқын мен оның әжесін алғашқы күннен бастап қолдап келеді. Абай атындағы грант бөлінді. Одан кейін ШҚО әкімі атындағы грантқа ие болды. Әжесімен студент пәтер жалдау үшін қаржылық қиындықтарға тап болған шақта біз оларға университет базасында жатақханадан екі бөлме бөлдік, – деді ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген.


Айтолқын мен оның әжесі үшін нағыз тосынсый қайырымдылық концерті болды. «Харекет» қайырымдылық қорының өкілі Мадияр Серікбаев сахнаға шығып, жұртшылыққа ақша жинап, Айтолқын Болатқызының пәтер сатып алғанын жария етті.

Айта кетейік, «Харекет» қайырымдылық қоры мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Бірнеше жыл ішінде олар Қазақстанның аз қамтылған азаматтарына 535 пәтер сыйлады.

Соңында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген жиналған қауымға қайырымдылық концертіне қатысқаны үшін, оның ішінде ЖОО студентіне, баспана  сыйлаған "Харекет" қайырымдылық қорына алғысын білдірді. Ректор Amanzholov University пәтерді барлық қажетті техникамен қамтамасыз ететінін атап өтті.

Рекомендовать
Последние новости