Үш жастан кейін бәрі кеш

Dalanews 10 мая 2015 03:27 2403

 

 

Бұл кітаптан  не біле аласыз?
Кітапта баланы ерте жастан дұрыс дамытудың негізі туралы айтылған. Бүгінгі заманға бейім етіп өсіру үшін не қажеттілігін баяндайды. Бала тәрбиесінде ана мен әке қандай рөл ойнайтынын түйсінесіз. Сәбиге қанша уақыт бөлу керектігін түсінесіз. Бірге уақыт өткізуден қандай табыстарға қол жеткізуге болатынын білесіз.
 Масару Ибука, Жапония

Автор туралы

Кітаптың авторы білім беру мен бала дамыту саласының маманы емес. Сондықтан оның ойында стандартты теориялармен қамтылатын шектеулер жоқ.

Автор «Sony» фирмасының негізін салушылардың бірі. Жапон елін тығырықтан алып шыққандардың бірі.
«Дарындарды оқыту» ұйымының директоры және Ерте жастан дамыту қауымдастығы директорының міндетін атқарушы.

Кітап авторы Масару Ибуканың ұраны: балаға бәрі бағынады дегенге саяды. Кейде ересек адамдар жаңа бір саланы игергенде барын салады, бірақ одан еш нәтиже шығара алмауы да мүмкін. Үш жасар балаға қарасақ, ол қысқа мерзім ішінде ұзақ жол жүріп өтеді. Бар ынтасымен тәй-тәйлайды. Алғаш рет сөйлеп үйренеді. Одан басқа нәрсені де оңай меңгереді. Мысалы, саз аспабында ойнауды.

Кітап авторы өзінің өзгеше Ерте жастан дамыту Жапон қауымдастығын ашқан. Сол жерде баланың үш жасқа дейінгі барлық қыр-сырын толыққанды зерттейді.

 Негізгі идеялары:

Маңызды уақыт
Қабілет пен мінез адамның туа бітті қасиеті деген пікір қалыптасқан. Егер сен ақылды болып тусаң, ақылды болып өтпексің. Егер ақылды болмасаң, бағың жанбағаны. Автор баланың ми физиологиясының ерекшеліктері мен сәби психологиясының өзгешелігін терең зерттеп, баланың санасын дамыту кілті үш жасқа дейінгі өмір танудағы жеке тәжірибесі екендігін тұжырымдаған. Ата-ана баланы дамытудың негізгі мерзімі бала бақшадағы уақыт деп есептейді. Ал, Масару Ибуканың пікірінше, балабақшада тәрбиелеу өте кеш. Әр бала жақсы оқи алады, ол тек оқыту тәсіліне байланысты.

Дамуында артта қалушылығы бар балаға ерте жастан-ақ түк шықпайды деп айтады. Олар әріп танып, қолына қалам ұстаса да жеткілікті деп есептелінеді. Бірақ доктор Шиничи Сузукидің тәжірибесі көрсеткендей, тіпті мұндай балалар да толыққанды білім алып шығуға қабілетті.

Сәбидің шамасы неге жетеді?
Ерте жастан дамыту кілең дана тәрбиелеуді мақсат етпейді. Бастысы, бала қоғамда өзін жеңіл сезінсе болғаны. Кішкентай күнінен көп тіл білу сан алуан адамдармен тез тіл табысуға икемдейді. Жаңа мәдениеттерді түсінуге қолайлы. Мұндағы мақсат экстра-класс деңгейіндегі лингвистті тәрбиелеу емес, танымы кең білімді адам қалыптастыру.

Барлық адам бірдей болып туады. Егер туабітті кемістігі болмаса. Тәрбие балаңыздың қандай болатынын анықтайды.

Мидың құрылымы үш жасқа таман қалыптасады. Нәрестенің көптеген жүйке жасушалары қосылмаған күйінде болады. Уақыт өте келе олар бірігіп, өте мықты байланыс орнатады. Үш жаста барлық негіз қалыптасады. Үш жастан кейін ештеңе үйретудің қажеті жоқ деген сөз емес. Бұл үш жасқа дейін балаңызға көбірек үйретіп, береріңізді беріп қалу керек деген сөз.

Бастапқы бірінші жылы балаға көбірек білім беру маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, көп білім беру бала санасына кері әсер ету қаупі бар, дегенмен баланы еркіндікте қалдырып, ештеңе үйретпеу де еш нәтижеге жеткізбейді дейді психологтар. Өз нәрестеңізге мейлінше ықтиятты түрде сатылап білім беруді жоспарлау керек. Балаға ыңғайлы, ойнау түрінде жеңіл жеткізуге тырысу керек.

Кішкентай баланың заттарды сұлбасына қарап ажырата алатын қабілеті ерен. Сондықтан олардың білім алуын кейіптеу, бейнелеу түрінде өткізген жақсы. Балалар абстрактілі ойлай алмайды. Олар «9» деген санды да ұқпауы мүмкін. Есесіне керік қандай, түлкі қандай болатынын тез ажыратады. Қалай жазылатынын да оңай жаттап алады. Нәрестелік шағынан әуезді жақсы таниды. Зерттеулер бес айлық нәрестенің өзіндік саз таңдау қабілеті барын көрсеткен. Балалар классикалық сазды жақсы қабылдайтыны анықталған.

Балаға не пайдалы?

Тағы бір тамаша зерттеу, бір жасқа дейінгі баланы жүзіп үйретуге болады. Жүруді үйретуден қиын емес деп пайымдайды автор. Үш жасқа дейінгі балаға кез келген ақпаратты есте сақтау оңай. Ең бастысы, ол балаға қызықты болуы керек. Ал, ол үшін қанша күш-қуат жұмсауы маңызды емес.

Ерте оқыту баладан дана жасап шығаруды мақсат етпейді. Сәби не істей алады: суретке қарап затты тану, әнді сазынан айыру, бір жасқа дейінгі сәбиді жүзуге үйретуге болады, үш жасқа дейінгі бүлдіршін кез келген ақпаратты қиындықсыз есте сақтайды.
Ерте жастағы тәжірибе әсері
Баланың қандай адам болатыны оның айналасындағы адамдарға байланысты. Ата тек деген одан кейінгі әсер етуші жанама фактор. Дәрігердің баласы тек дәрігер болып қалмайды. Жарлының баласы да жарлы болып қалуға тиіс деген қағида жоқ. Мамандық пен әке-шешенің қабілеті баланың қандай болып ержетуіне тікелей әсер етпейді. Әдетте ата-ана ата тектің маңызына зор мән береді. Мысалы, әке мен шеше де спортсмен болса, жұрттың бәрі екеуінің баласы жүз пайыз спортсмен болады деп топшылайды. Бірақ баланы жастайынан спортқа баулымаса, олай болмай шығуы да мүмкін. Баланың тегінде спорттық қабілет болмаса да, оны ерте жастан спортқа дағдыландырып, жаттықтырса, онда ол мықты спортсмен болуы да ықтимал.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».

Үш жасқа дейін бала ештеңе түсінбейді деп ойлаймыз. Оның көзінше не жасағымыз келсе соны істеп, не айтқымыз келсе еркімізде болады. Бірақ бала түйсікпен бәрін қабылдайды. Сосын есейе келе сәби күнінде танысқан сөйлеу мәнері мен өзін ұстау әрекетін нақты көрсетеді. Сондықтан айналаңызда бейпіл сөйлейтін адам болса, балаңыздың кенеттен боқтап сөйлеуіне еш таңданбаңыз.

Сіз өзіңіздің бір жасыңызды еске түсіре аласыз ба? Жүз адамның тоқсаны жоқ деп жауап берері сөзсіз. Барлық естеліктер үлкендердің айтқан әңгімелерінен алынады. Бірақ егер кішкентай кезіңізде көп тілді қатар үйреніп, сосын тек өз тіліңізде ғана сөйлеп кетсеңіз өзге тілді ұмытқандай боласыз. Ал, бір күні аяқ астынан сол үйреніп ұмытқан тілдік ортаға түсіп қалсаңыз, есте жоқ сөздер өзінен өзі көкірегіңізде сайрап кетеді. Сондықтан баланың санасына көп түрлі білім құюға тырысыңыз. Олардың «іргетасы» соғұрлым мықты бола түседі. Мұның барлығы балаңызға келешекте қажет болады.

Тәрбие ұстанымдары

Егер бала мейлінше тыныш әрі сабырлы ортада өсуі керек, бөлме бір түсті қаптамамен жапсырылуы тиіс, ешқандай алуандылықтың қажеті жоқ, қатты дыбыстар баланың мазасын алмағаны жөн деп ойласаңыз, баланың дамуын тежейсіз. Тумысынан сан алуан түстің ортасында, айғай-шуды естіп өскен бала «жылыжайда» тәрбиеленген құрдастарынан әлдеқайда тез дамитыны дәлелденген. Айналасын ашық түстер қоршап, шулы ортада өскен балалар тыныштықта өскен үйкүшік баладан анағұрлым зерек болады, әрі тез жетіледі.

Туа салысымен сәбиіңіздің айналасын керемет деген дүниелермен көмкеріңіз. Сәбиіңіз тек жақсы, сапалы әндерді тыңдасын. Адам баласы  салған ең әдемі суреттерді көріп өссін. Өнерге деген махаббатты қанына сіңіру арқылы балаңызға әлемді тануға, жақсы мен жаманды ажыратуға мүмкіндік бересіз.

Бір істегі жетістік екінші бір саладағы биікті бағындыруға бастайды. Бөбегіңізге өзі қалаған бірнеше саланы қатар меңгеруге мүмкіндік беріңіз, сонда оның бойында іскерлік қасиетін дамытасыз.

Жақындықтың пайдасы

Сәбидің тәрбиесі мен жетілуінде ешбір біркелкі ереже мен рецепті жоқ. Әр ата-ана өз баласының ерекшелігіне қарай оның дамуына не қажет екенін анықтап отыруы керек.

Балаңызды қолға жиі алыңыз. Ел ішінде баланы қолға ала берсең, жылап жүріп дегенін істетеді деген пікір бар. Алайда, баланы жылатып өзімен өзін қалдыру оған әлдеқайда көп зиян тигізуі мүмкін. Неғұрлым көбірек қолға алсаңыз, соғұрлым ашық болып өсуге құлшынысы еселенеді.

Баланы қойныңа алып жату дұрыс емес деушілерге. Әке-шешемен жатып үйренген баланы жеке жатқызу қиынға түседі дейді. Бірақ бұл жағдайға басқаша да қарауға болады. Күні бойғы күйкі тірліктен шаршап келіп, қойныңызға балаңызды алып ұйықтап кетсеңіз, жаныңыз тынығып, рухани тепе теңдікке қол жеткізесіз. Бала да солай. Араларыңызда тығыз әрі ыстық қарым-қатынас орнығады.

Сәбиге көп сөйлеңіз, әңгімелесуді әдетке айналдырыңыз. Күніне бір сағат бөліп сөйлесудің өзі баланың бір жасқа дейін тілінің ерте шығуына әкеледі. Ал, баламен бірге ойнап, онымен көбірек сөйлесу бұдан да зор нәтиже берерін ескерсеңіз, не болмақ?
Баланың тілінде сақауланып сөйлеудің қажеті жоқ. Басқаша түсінбейді деп ойламаңыз. Ол бәрін түсінеді. Тек оның сөйлеу мәнері жетіліп болмаған. Сондықтан өз қалауынша ойын жеткізе білмейді. Сәбиіңізді дұрыс әрі әдемі сөйлеу мүмкіндігінен айырмаңыз.
Баланың дұрыс жетілуіндегі басты қағиданың бірі әке-шешенің өзара сыйластығы. Сәбиім әлі кішкентай, ештеңе сезбейді деп ойлауыңыз мүмкін. Бәлкім ол ұрыс-керіс кезінде айтылған сөздің мағынасын түсінбес, бірақ ол негативті энергияны сезеді. Бұл оның жанын жаралайды.

Әкесі анасымен қатар жүруі керек. Сәбидің тәрбиесінде анасы көп рөл атқаратыны түсінікті. Бірақ бала анасына да, әкесіне де бірдей зәру. Сондықтан уақыт тауып, отбасы мүшелерінің барлығы бірге өткізетін толыққанды сәттерді көбейтіңіз.

Бала өзге баламен араласуы керек. Әлеуметтену ересектер үшін қандай маңызды болса, бала үшін де сондай мәнді. Өзара араласып, сөйлесіп балалар өзгені сезінуді үйренеді. Басқа балалармен ойнап, араласып, бірге дамуға мүмкіндік тудырыңыз. Бұл әрі пайдалы, әрі қызықты!

Ұрысу – ұжымдағы өмірдің алғашқы сабағы. Ойыншық, әткеншекке қатысты балалар арасында жиі шу шығып тұрады. Ұрысу балаға кешірімді болуды немесе дегеніне жетуді үйретеді. Себепсіз ұрыс болмайды. Өзгелермен ұрыстың деп баланы сөгуге болмайды. Бұл да өзіндік өмір мектебі. Оны өтпесе бала тұйық, басқалармен араласқа дайын болмай шығады.

Тәртіпке баулу мен талпыну

Балаға бірдеңе істеткізу үшін, ең дұрысы, оның қызығушылығын тудыру. Сабақ оқы деп күнде мәжбүрлеуіңіз мүмкін. Тіпті күш қолдануыңызда ықтимал. Бірақ мұнымен бала сабақты жақсы көріп кетпейді. Керісінше, жек көріп кетуі кәдік. Ата-ананың міндеті – оқуға, айналаны тануға деген баласының қызығушылығын арттыру. Ол күнделікті жауласуға ұласпауы керек.

Сәби ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғынбайды. Оған қызық нәрсенің барлығы жақсы, қызық еместің барлығы жаман. Оны мақтаса, онда жақсы болғаны. Ұрысса, жаман нәрсе жасағаны деп түсінеді. Бастапқыда бала жаман нәрсе жасағаны үшін неге ұрсатынын түсіне алмай дал болады. Бұл оның көңіл-күйін түсіреді. Ересек адам өзі нені жақсы деп білсе, нені жаман десе, соны баласына таңады, өзінің түсінігін жапсырады. Балаңыздың қабілеті сіздің мақтау мен ұрысуды қалай қолдануыңызға байланысты соған тікелей пропорционалды түрде дамиды. «Қайталау – білім анасы» демекші, балаға бұл мақалдың берері көп. Қызығушылық жетілуге деген ерік пен талпынысты тудырады. Бір ертегіні бірнеше рет оқып берсеңіз, баланың сол ертегіні өзі оқуға ынтасы артады. Сөйтіп, оған әріп үйретуге болады.

Мақтау мен жазалауды өте абайлап қолдану керек. Бірдеңені дұрыс жасамаған баланы көрсек, бірден «болмайды» деп зекиміз. Бірақ балаға бұлай жасатқан себеп бар ғой. Ол ересектерге ұқсау үшін осылай жасайды. Ұрысып, тыйым салмас бұрын, дұрыс жасауды көрсету керек. Кей жағдайда әрине өзіңіздікін дәлелдеп, тіпті жазалау да керек болады. Тек оның бәрін шектен шығарып алмау өте маңызды.

Бала қиялы шығармашылық қабілетті дамытады. Балаға өзінше қиялдауға мүмкіндік беріңіз. Өзіңіздің қалауыңызды айтып, тықпалай бермеңіз. Сонда ғана шығармашыл адам тәрбиелеп шығарасыз.

Баланың түйсігін дамытыңыз. Түйсік – өте көне сезім. Оны ғылыми тұрғыда түсіндіру қиын. Бөбектің ерте жаста жасаған қылықтары түйсікке негізделеді. Осы туа бітті қасиеті бастығып қалмасын. Сонда сіз балаңыздың өз сезімдеріне сай болып өсуіне жол ашасыз.

Жыныстық тақырыптың барлығында тек шындықты айтыңыз. Егер белгілі бір жасқа келмеген балаға төсек қарым-қатынасы туралы айту ертерек десеңіз, қателескеніңіз. Жауып, жасқап, үндемей құтыламын деп жабық тақырыпқа деген ынтасын арттырасыз. Тек баланың осы тақырыпқа деген қызығушылығын өсіресіз. Балаға әйел мен еркектің айырмашылығын, бала қайдан пайда болатынын айтып түсіндіру керек. Сіз айтқан ақпараттың шынайы, ешбір қоспасыз екеніне сенуі қажет. Айтқан кезде өте салмақты, салиқалы қалпыңызды сақтаңыз.
Мінезді сәби кезден тәрбиелеу
Саз аспаптарында ойнау назарды жинақтау қабілетін жетілдіреді. Музыкамен шұғылданатын балалар әдетте жинақы, тәртіпті келеді. Кей адам олардың әке-шешесі тәулік бойы жон арқасында қақиып тұратын шығар деп те ойлайды. Іс жүзінде олай емес. Егер саз аспабында ойнау балаға қызық болса, ол бар ынтасымен ойнап үйренеді. Ал, жинақылық балаға келешек өмірінде өте керек: ол кез келген жұмысты әп-сәтте орындап тастайды, жинақылығы жоқ адамға қарағанда әлдеқайда жылдам бітіреді. Әрине, мұндай адамдарға оқу, білім алу да оңай тиеді. Ерте жастан жетілдіру көшбасшылық қабілеттерді де дамытады. Көптеген ересектер баланың көшбасшылық қабілетін белгілі бір жаста дамытуға болады деп есептейді. Баласына ерте жастан көңіл бөлген ата-ана оның өз құрдастарының ортасында көшбасшы болуына қол жеткізеді.

Баланың есте сақтау қабілетін жаттықтырыңыз. Үш жасқа дейін бала екі жүзге дейін қысқа тақпақтарды есте сақтай алады. Бірақ жадыны тұтасымен қолданбаса, баланың мүмкіндігі толық ашылмай қалуы ғажап емес.

Бала жасаған ісінен ләззат алуы керек. Яғни, оған ұнайтын тақпақты жаттату пайдалы. Сонда ол бір-екі қайталаудан жаттап алады.9,Шығармашылық пен қабілет
9. Балаңыздың қолына қарындашты неғұрлым ерте ұстатыңыз. Сегіз айлық шамасында сәби қарындашты өте қатты ұстай алады. Бірақ қағаз берсеңіз, сурет салып кетпейтіні анық. Қағазды жыртып, қолындағы қарындашпен үстел үстіне, қабырғаға сурет сала бастайды. Дегенмен, бұл балаңыздың өзін көрсетуі. Бала еркін ойнап, сурет сала алатын жағдай жасаңыз. Бұл оның шығармашылық қабілетін аша түседі. Қалыпты ақ қағазға сурет салу – қалыпты адам тәрбиелеу. Балаға ақ қағаз бен қарындаш беріп, сурет сал десеңіз, сіз оны стереотип пен қалыпқа қамап қоясыз. Балаға үлкен қағаз беріңіз. Соның үстіне ойына келгенін істесін. Ешбір шектеусіз.

Балаңыздың қалыптан тыс ойлау деңгейін дамытқыңыз келсе, көп ойыншық әпермеңіз. Ойыншықтың көп болуы бала назарының шашыраңқы болуына әсер етеді. Баланың бір немесе екі ойыншығы болсын. Есесіне ол сол екі ойыншықпен түрлі ойын ойнайды. Бала деген ескі ыдысты да айдаһардың апанына айналдырып ойнай алады. Болмаса ханшайымға үй жасайды. Қиял ұшқырлығына ашық кеңістік беріңіз.
Балаға қауіпті деген нәрселерді тыға беру шарт емес. Сіз балаға қауіп төндіретін заттардан оны қорғағыңыз келеді. Бірақ осы тыйым салынған заттар оған нені қолға алуға болатынын, болмайтынын үйретеді ғой.  Монтессори жүйесі басқаша үйретеді. Балаға қызық болған нәрсенің бәрін ұстатып көріңіз. Олар әр түрлі пішінде, түрлі заттан жасалған болсын. Сонда бала бұл өмір туралы ертерек біле бастайды.

Балаға ойыншық алмас бұрын оларды өзі құрастыра алатынына назар салыңыз. Баланың осы затқа деген қызығушылығын арттырасыз. Оны тануға деген ынтасын күшейтіп және құрастырудағы жетістігінен рахат алады.
Сомдау, қағаздан ою қию, түрлі хайуандарды қағазбен бүктеп жасау – баланы дамытады, әрі бұлар ең қолжетімді тәсілдер санатында. Сегіз айлық сәбиге ермексаз немесе топырақ беріңізші, ол одан бір нәрсе жасап шығара алмас. Бірақ қолға алса, мыжыса топырақ түрін, пішінін өзгертетінін байқайды. Қағаз мыжылып, жыртылып қалатынын көреді. Жоғарыда айтылғанның барлығын ерте жастан байқап көрген балалар мұндай мүмкіндігі болмаған қатарластарынан әлдеқайда жылдам, ширақ келеді.

Рөлге бөлініп ойнау баланың шығармашылық қабілетін жетілдіре түседі. Қай адам бала күнініде сахнадан Джульетте болғысы келмеді? Әсіресе, өте кішкентай кезде көпшілік назарын өзіне аудартқысы келеді. Балаңызды көркем үйірмеге беріп, рөл сомдауға мүмкіндік беріңіз. Есейе келе ол көпшілік алдында қысылмай сөйлей алатын болады. Бұл маңызы зор қабілет.
Балаға жаяу жүру қажет. Көптеген ата-аналар асығып жүріп, балаға өзінің жүруіне мүмкіндік бермей, сүйрелей жөнеледі. Ал, жаяу жүру мидың белсендігін арттырады, баланың дене бітімін өсіреді, психологиялық қалыбын тұрақтандырады. Бәлкім, баланың өзінің жүріп-тұруына мүмкіндік берген абзал болар?

Бала үшін ойын мен жұмыстың мағынасы бірдей. Ересек адамға жұмыс белгілі бір нәтиже беруі керек. Ал, бала үшін жалпы үдеріс маңызды. Балаңыз үй жинауда көмекшіңіз болсын. Қарапайым тұрмыстық заттарды жасай жүріп, үдеріске дұрыс назар салуды үйреніп, жасаған ісіне жауапты болуға дағдыланады.

10. Неден қашпау керек? Келешекке көзқарас...

Ерте жастан дамыту – балабақшаға даярлық емес. Заманауи білім жүйесі жетілмеген. Ол тек емтиханға дайындап, жақсы баға алуға ғана жетелейді. Ал, балаға білім беру маңызды. Ерте жастан тәрбиелеу баланың мектепте еш қиналмай оқуына көмектеседі.

Балаға қауіпті деген нәрселерді тыға беру шарт емес. Сіз балаға қауіп төндіретін заттардан оны қорғағыңыз келеді. Бірақ осы тыйым салынған заттар оған нені қолға алуға болатынын, болмайтынын үйретеді ғой.  Монтессори жүйесі басқаша үйретеді. Балаға қызық болған нәрсенің бәрін ұстатып көріңіз. Олар әр түрлі пішінде, түрлі заттан жасалған болсын. Сонда бала бұл өмір туралы ертерек біле бастайды.

Баланы шектеп және тыйып өсірмеңіз. Оны қамқорлық  пен махаббатқа бөлеп тәрбиелеңіз. Сіздің балаңыз үшін сіз ең басты ұстазсыз. Әрі сіз оған кез келген заманауи мұғалімнен артық білім бере аласыз. Баланы ерте жастан тәрбиелеу анасының, баланың айналасындағы өзге де адамдардың ойлылығына байланысты.

Бала ата-ананың меншігі емес. «Балам инженер болса екен», « қызым музыкант болса екен» деген лебіздерді тым жиі естиміз. Мұның барлығы біздің ой-танымымыз бен тілектерімізді көрсетеді. Бірақ ол дегеніңіз баланың қалауы мен тілегін аяқ асты ету деген сөз. Бала – басы бүтін бөлек адам, өзінің өмірлік жолын өзі таңдауға құқылы. Ал, ата-ана тек көмекші. Олар өз баласына биік белестерді бағындыру жолында жолдас болады.

Сенім — адамзат баласын алға сүйреп келе жатқан күш. Баланы өзге адамға сенуге үйрету керек. Сонда ғана бүкіл әлемде бейбітшілік орнайды.

Ықшамдап аударған Шынар ӘБІЛДӘ


Рекомендовать
Последние новости