Ұлттық банк сауалнамасының нәтижесі: тұтынушылық кредитке сұраныс артқан, бірақ ипотека алушылар азайған

Dalanews 21 авг. 2024 11:14 2693

Қазақстанда бизнес пен халық тарапынан кредит алуға сұраныс артып келеді. Бірақ ипотека секторында өтінім азайып жатыр екен. Бұл ақпарат Ұлттық банктің II тоқсандағы сауалнамасынан белгілі болды. Реттеуші 19 қазақстандық банкке сауалнама жүргізген.

Ірі бизнес тарапынан түсетін кредит өтінімі 12 пайызға өскен. Көптеген ірі банк өкілдерінің пікірінше, бұл кредиттік ресурстар құнының одан әрі төмендеп, тау-кен, мұнай-газ және құрылыс салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың жандануына, сондай-ақ жеңілдетілген кредит беретін мемлекеттік бағдарламаларының қайта басталуына және жаңа түрлерінің іске қосылуына байланысты.

Орта бизнестің кредит алуға өтінімі — 25 пайызға, шағын бизнестікі 4 пайызға өскен. Шағын және орта бизнестің кредиттерін мақұлдау коэффициенті өткен тоқсандағыдай 36% және 38% деңгейінде қалған. Ал ірі бизнес субъектілерінің көрсеткіші 8 пайызға төмендеген.   

Жеке тұлғалар ипотекаға сұранысты азайтыпты. Ал тұтынушылық займдар сұранысы жекелеген банктердің кредит беретін шарттары қатаңдатылғанына қарамастан әлі де өсіп жатыр. Кепілсіз тұтынушылық займдардың сұранысында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ал автокредит көрсеткіші 10 пайызға өскен. Алда III тоқсанда автокредиттер мен кепілсіз тұтынушылық займдарға сұраныс тағы да өсуі мүмкін деп болжам жасап отыр банк өкілдері.    

 


Рекомендовать
Последние новости