Ардақ Беркімбай, тарихшы «Әрбір мемлекеттің ел ретінде басты жетістігі ол рәміздері»

Қуаныш Әбілдақызы 10 июл. 2024 11:08 4322

Қазақстан қазіргі таңда әлем елдеріне бірлік пен тұрақтылықты ту еткен, әділет пен ынтымағы жарасқан, бейбітсүйгіш, жүзден астам ұлтты бір шаңырақтың астына ұйытып, жинай білген ел ретінде танылып отыр. Әйтсе де халықтың бойындағы патриоттық сезімдерді арттыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу бағытында халықтың ұстанымы қандай? Жас ұрпақтың бойында ұлтжандылық сезімдерін қалыптастыру үшін не істеуіміз керек? Бұл бағытта әндер мен кинолардың рөлі қандай? Бір кездері «Адырна» ұлттық этонографиялық бағытындағы қоғамдық бірлестігін құрып, сол арқылы осы бағытты қыруар шаралар атқарған, тарихшы, журналист Ардақ Беркімбаймен аз кем сұхбаттасып осы бағытты арнайы сұхбат жасаған едік.

 

– Халқымыздың бойындағы патриоттық сезімді арттыру үшін не істеуіміз керек?

– Отаны үшін, елі үшін өзінің ұлты үшін мақтанатын, сол елдің мүддесі үшін жұмыс жасайтын ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеп шығаруды қолға алуымыз керек. Мұның барлығы айналып келгенде біртұтас ұлттық идеологияға келіп тіреледі. Мемлекеттің басты үлкен саясаты халықты, ұлтты, жастарды үлкен патриоттық сезімдермен тәбиелеуден басталады. Негізі патриоттық құндылықтарды адам бойына сіңіріп, сондай сезімдерді күшейту, осы елдің патриоты болу үшін оның қойнауында тарих жатыр деп ойлаймын. Өзінің, елінің тарихын білген кез келген азамат ата бабасының осы елді, жерді сақтап қалу үшін төгілген тері мен қанын бағалайды.

Халқымыз ғасырлар бойына осы азаттыққа, осы Тәуелсіздікке жету үшін қасық қаны қалғанша күресті, басын құрбан етті. Барын салып ұрпағының бақыты үшін осы жерді, елді қорғады. Ешкімнің боданы болмас үшін аталарымыздың жылдар бойы бар ғұмыры аттың үстінде өтті. Талай арыстарымыз түрмеде отырды, атылды, ұрпағы қуғын көрді. Олардың барлығы өзінің жеке басынан ұлттың мүддесін жоғары қойды. Қарақан басының қамы үшін емес ұлтының бақыты үшін күресті. Біз сол тарихтар қойнауында қалған батырларымыздың әрекетін, алаштарымыздың арманын барынша дәріптесек патриоттық сезімнің күшеюіне, жастарды осы бағытта тәрбиелеуге ықпал етер еді. Ұялмай көрсететін ата бабаларымыздың әрекеті тұрғанда неден тайсаламыз?! Барымызды салып соларды көбірек көрсете беруіміз керек. Олар туралы кино да түсіріп, оқулықтарға да енгізуге болады. Оларды сезініп, оқып, көріп өскен бала да еріксіз өз елінің патриотына айналар еді. Елді біріктірер сәттерді тиімді пайдалануымыз керек.

Мәселен кеше Өзбекстан елінің қызы олимпиадада жеңіске жеткен кезде ел Президенті мен Олимпиада чемпионының жылы өзара қарым қатынасын тікелей эфирде көрсетіп жатты. Сондай бір жылы бүкіл елдің көңілін жібітетін сәт болды. Біздің Олимпиада чемпионы Сметовпен сөйлескен сәті көпшілікке құпия күйінде қала берді. Негізі үнемі сондай. Сол сәтте бүкіл елдің көзайымына айналып отырған чемпионмен арнайы сұхбатты неге тікелей эфирде жазбасқа?! Чемпионда еліне шынайы сезімін білдірсін, Президенттің де алғысы көпшілік алдында айтылсын. Сол сәтте Сметовке риза болып тұрған бүкіл халық оның аузынан естіген әрбір сөзіне ынтық болып тұрғанда неге сол қуанышқа халықты ортақтастырып естірмеске?! Біз осындай халықты біріктіретін сәттерді қалт жібермей пайдалануымыз керек.

Жалпы балалар мен жасөспірімдердің бойындағы патриоттық сезімді арттыру үшін не істеуіміз керек?

– Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Сәби дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап, өзінің жасына сай оған анасының айтатын бесік жырынан бастап, жасына сай ұлттық құндылықтарымыз сіңіріле бері керек. Ұлтымыздың төл өнерінен бастап ұлттық салт дәстүріміздің барлығы бойына сіңірілуі керек. Бесік жырынан бастап, әжесінің айтатын әңгіме, ертегілерімен, тұсау кесу рәсімімен, одан соң балабақшадағы ашық сабақтар мен атаулы күндерге орай ұйымдастыралатын шаралар арқылы да сіңіріле береді. Одан әрі мектепте де жалғасын табатын ұлттық тәрбиелік құндылықтар баланың санасына сіңіп, нағыз өз елінің жанашыры, Отаншыл азамат болып өсуіне ықпал етеді.

Ұлттық бағыттағы балабақшалар мен мектептер санын көбейту керек. Баланың жасына қарай оған берілетін ақпараттар ұлттық құндылықтарды түгелдей отырып берілуі керек. Балдырған, бөбек кезеңінде өз санасына сай сіңірілетін батырлар жыры, қазақтың халық ертегілері құлағына айтылып отырса, ол өз ұлтын жастайынан танып, соған бейімделіп өседі. Шежірелік мәліметтер де өсе келе санасына сіңіп, зердесіне құйылуы қажет. Бала өскен сайын оған берілетін ақпараттар да күрделене түседі. Өзінің әкесінен бастап, ағалары немере бауырларының бойындағы ұлтқа тән ерекшеліктер де сіңіріле береді.

Мәселен өзбек ағайындарды басындағы ала тақиясынан танисың ғой. Қай жерде жүрсе де сол ала тақиясы оларды біріктіретіндей көрінеді. Ала тақиясына кір келмеуі үшін тырысып, ала тақиясымен айналасына өзінің ұлтын танытып жүреді. Кеше олимпиада кезінде де өзбек жанкүйерлерін бірден танисың. Тіпті біреуі ала тақиясын одан сайын үлкейтіп алып басқа қандастарын үйіріп отыр. Бірге жанкүйерлік етіп, бірге үн қосып, бірге бауырмалдық танытып жүр. Бізге де осындай бір бірігу, бір идеологияға топтасу жетпей жатады. Қарапайым ғана бір тақия тұтас ұлтты танытып, олардың болмысын ашып тұр. Бізге де сондай бір шынайы біріктіруші құрал болса шіркін деймін. Көп жағдайда жанкүйерлік рух ұлтты біріктіріп жатады. Біз соны дер кезінде пайдалана білуіміз керек.

Патриоттық бағыттағы кинолар, әндер халық санасына ықпал ете ала ма?

– Жалпы біртұтас ұлтты, халықты осындай сезімдерге бөлеп, бағыттау сол ұлттың мәдениетіне тікелей байланысты. Сондай ақ кино мен әндер де халықтың бойына ұлттық қасиеттерді сіңіріп, патриоттықты артыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Кезінде мысалы Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген кинотуындылар жарық көрді. Олардың көпшілігі ұлтымыздың тарихын терең танып, кесек тұлғаларымыздың болмысын ашып, ұлтқа қатысты жасаған әрекеттерін дәріптеуге жақсы ықпал етті. Көп адам алаштанушылар дегенімен олардың нақты әрекеттерінен, сол азаттық жолындағы әрекеттерінен бейхабар.

Ал олар туралы түсірген кинодан жылап шыққандар көп болды. Бұл олардың көрген тауқіметін кино арқылы жеткізе алдық деген сөз. Оның ішінде әннің де алатын орны ерекше. Соның ішінде дәстүрлі әндеріміз, күйлеріміз, айтыс өнері, жырларымыздың орны айрықша. Тек оларды орнымен қолдана білуіміз керек. Әйтпесе осы мәдени майданда үлкен державалардың саяси ғана емес мәдени ықпалына да түсіп қаламыз. Оларға тек ұлттық мәдени дәстүрімізбен қарсы тұра аламыз. Жастарымызды соған баулып, халық арасында кеңінен дәріптесек ел ішіндегі патриоттықты қалыптастыруға зор ықпал етер еді.

Айналамызда қарап отырсақ, түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Осы орайда еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың сыры неде деп ойлайсыз?

– Біз Қазақстан Республикасы деген ел болғаннан кейін және осы мемлекет ішіндегі тұрақтылықты, бейбітшілікті басқа ұлттармен тату тәтті өмір сүру, дұрыс, әділетті қоғам құру жолында көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қоғамда адамдардың өздерінің жеке құқықтарының қорғалуынан бастап, қоғамдық қатынастардағы әрбір қоғам мүшесінің бір біріне деген ықпалдастығы, сыйластығы, бауырмалдығы үлкен рөл ойнайды.

 Ел ішіндегі ауызбіршілікке, бейбітшілікке сызат түсіретін нәрселерге өте абай болуымыз керек. Байқап отырғанымыздай діни мәселелер бұл тұрғыда қатты ықпал етеді. Соның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдар дәстүрлі діннің атын жамылып қоғамда үлкен бөлінушілік тудырады. Мысалы ислам дінінің бір бөлігі саналатын вахабизм, салафизм ағымдарының кері әсерін байқап та жүрміз. Кейінгі уақытта тәңіршілер деген діни ағымдар пайда болды. Мұның барлығы айналып келгенде сыртқы күштердің біздің ішкі бірлігімізге алауыздық тудыру мақсатынан пайда болып жатқан дүниелер. Сондықтан біз осындай діни алауыздыққа жол бермеуіміз керек. Оның арты өте үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан оның алдын алып дәстүрлі дініміздің, ұлттық салт дәстүріміздің насихатын арттыруымыз қажет. Өзіміздің ата бабаларымыз ұстанған діни жолымызбен ғана жүруге тырысуымыз керек. Егер мына жат ағымдарға заңдық тұрғыдан тыйым салмасақ опық жейміз.  Өз басым бұл еліміздің болашағына келетін үлкен қауіп деп санаймын.

Халықтың ел ертеңіне сенімі бар ма?

– Ел ретінде ешқашан да еліміздің болашағына, мемлекетіміздің ертеңіне сенімімізді жоғалтқан кезіміз болған емес. Тарих куә, Отанымызға қандай қауіп қатерлер төнсе де жойылып кетуге шақ қалғанымызда да біз ешқанша да болашаққа деген сенімімізді жоғалтқан жоқпыз, үмітімізді үзбедік. Соның арқасында міне Тәуелсіз мемлекет болып, әлемдік деңгейде өз орны бар іргелі елге, біртұтас ұлтқа айналдық. Ендігі мақсат ары қарай дамудың даңғыл жолына түсіп, экономикалық тұрғыдан, мәдени, рухани жағынан болса да әлемдегі ең бір мықты мемлекеттердің қатарынан көрінуге тырысуымыз керек. Оған барлық мүмкіндігіміз, жетістігіміз жетеді деп ойлаймын. Сол жолда барлық Қазақстан азаматтары күш салып, сол бағытта еңбек етуіміз керек. Жалпы халықтың болашаққа деген үміті үлкен зор. Және мықты мемлекетке айналатынымызға барлығы сенеді.

Еліміздегі рәміздерге халықтың құрметі, көзқарасы қаншалықты?

– Әрбір мемлекеттің ел ретінде басты жетістігі ол рәміздері.

Көк туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз, байрағымыз халқымыздың мақтанышы. Елімізді танытар басты белгіміз. Сондықтан осы рәміздерді әрдайым құрметтейтініміз көрініп тұрады. Әрине бірлі жарым келеңсіз оқиғалар болып жатады. Бірақ ол бүкіл бір халықтың рәміздерімізге деген көзқарасы, құрметсіздігін, сыйластығының ойдағыдай емес екенін білдірмейді. Біз қашан да туымыздың көкте желбіреп, елтаңбамыз төрімізде жарқырап, әнұранымыз байрақты шараларда желбірей беретініне сенеміз. Оны кез келген үйдің балконынан желбіреткеннен гөрі үлкен байрақты бәсекелерде, халықаралық жиындарда орнымен желбірегені дұрыс деп санаймын.  

Дәл қазір еліміздің дамуы жолында қандай жетістіктері сізді қуантады?

– Дәл қазір еліміздегі болып жатқан көптеген өзгерістер еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Оның ішінде сыртқы саясатта көпвекторлы бағытымыз өзінің жақсы бағытын, оң жемісін беріп жатыр деп есептеуге болады. Алыс жақын көрші елдермен байланысымыздың нығаюы, осы байланыстар нәтижесінде жалпы халықтың әл ауқатының артуына тікелей әсер етіп жатқан жағдайлар бар. Біз тек қазір қазба байлыққа ғана сүйенген мемлекет ретінде ғана емес өзіміздің өндірісімізді дамытуға, экономикамызды әртараптандыруға барынша тырысып жатқан ел ретінде танылып келеміз.

Оның үстіне қазір халықтың әлеуметтік жағдайын шешуде Үкіметіміз барынша халыққа қолдау білдіріп, медицина жағынан болсын, зейнет жасындағы азаматтарымызды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарымызды, қарттарды, балаларды қоғамның барлық санаттарын өз қамқорлығына алып, мемлекет өзінің азаматтарына деген жанашырлығын танытып келеді. Сондықтан бұл біздің дамудың, ілгерілеудегі жетістіктеріміз деп есептеймін. Мемлекет өзінің әлеуметтік мәселелерін шешпейінше ешқандай үлкен серпінді даму болмайды. Халықтың әл ауқаты жақсарған кезде ғана ел дами бастайды, мәдениетке ұмтылады, жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастайды. Ол үшін ең алдымен әлеуметтік мәселелерімізді шешіп алуымыз керек.

Осы жолда мемлекетіміз көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы инфраструктуралардың, жолдардың салынуы, мектептер мен балабақшалардың бой көтеруі, тұрғын үйлер ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында, аудандарда көп бой көтере бастады. Еліміздің басты мәселесі баспана екенін ескеріп, түрлі санаттарға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, үйсіздерді үйлі қылу мақсатында жұмыстар жасалып жатыр. Медициналық тұрғыдан да көп жақсы жаңалықтар бар. Еліміздің әрбір азаматы тегін медициналық қызметтерді алуы үшін жағдай жасалып жатыр. Жаңа ауруханалар салынып, кейбір науқастарға тіпті тегін шетелде ем алуға жағдай жасалынып жатыр. Мұның барлығы еліміздің даму жолында екенінің бір көрінісі деп есептеуге болады. Ел ішінде болып жатқан мұндай жағдайларды да елеп ескеріп отыру керек.

Туды ілуге рұқсат берді. Алайда халықтың балконға ту іліп, еліне деген құрметін байқай алмай отырмыз. Неге?

– Туға байланысты ондай рұқсат берілгені баршамызды қуантты. Бірақ енді біз туымыздың қадірін кетіріп алмасақ екен деген түсінік бар халық арасында. Ту мемлекеттік органдарда, әскери мекемелерде, ішкі істер органдарында ілініп тұруы керек. Жалпы азаматтардың өз үйлерінде, балкондарда ту ілуге немқұрайдылық танытуы емес мұны туымызды тек көкке көтереміз, әр жерге іліп қадірін кетірмейміз деген түсініктен деп ойлаймын. Дегенмен өз үйіне ілгісі келетін азаматтар болса рұқсатты беріп қойдық. Одан қандай да бір астар іздеудің қажеті жоқ. Әркімнің өз еркін.   

Елтаңбаны ауыстыру жайлы көп айтылды. Сіз ауысқанын қалар ма едіңіз?

– Елтаңбаны ауыстыруға қатысты қоғамда біраз талқылаулар болды. Өз басым елтаңбаны өзгертуге қарсымын. Біздің елтаңбамыз өте сәтті жасалған. Ондағы тұрған әрбір детальдың өз мағынасы бар. Өзінің айтатын ойы бар. Сондықтан біздің елтаңбамызға ешқандай өзгеріс қажет емес. Керсінше ұрпағымызға осы елтаңба қала беруі керек деп санаймын. Осы тұрғыдан келгенде ұзақ талқыдан соң елтаңбаның өзгеріссіз қалғанын қолдадым.


Рекомендовать
Последние новости