Ұлытауды мекендеген бөкендердің ахуалы қандай?

Dalanews 22 мая 2023 05:42 2037

Сәуірдің басында Қарағандының Жаңаарқа ауданы аумағынан табылған ондаған жануардың өлексесі көрсетілген бейнежазба қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл өлекселердің қар еріген соң, көзге түсіп, табыла бастағаны анық. Сонымен бірге, халық олардың сыртқы келбетіне байланысты әртүрлі нұсқаларын да алға тартып жатыр: біреулері бәріне браконьерлерді кінәласа, тағы басқалары бұл келеңсіз оқиғаны жұқпалы аурулармен байланыстырады. Бірақ, Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мемлекеттік инспекциясының басшысы Зәкәрия Тұралиев атап өткендей, жануарлар қыста табиғи себептерден де қырылып қалған болуы мүмкін.

«Желтоқсан-қаңтар айларында ақбөкендер шұбыра бастайды, осы уақытта олар бірнеше жүз, тіпті мыңдаған дараға жететін үлкен табындарға айналады», - деді ол. Яғни, әр еркек ақбөкенге 20-дан 100-ге дейін аналық келеді екен. Әдетте, жұптасудан кейін еркектер табиғи себептерге байланысты әлсірейді және жиі өліп қалып жатады.

2023 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Жаңаарқа ауданында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының инспекторлары 61 бас киік ұшасын – 41 аталық пен 20 бас киікті тауып, жоюға жіберген. Барлық іс-шаралар ауылдық округ әкімдіктері өкілдерінің, мал дәрігерлері мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді.

Жаңаарқа ауданы тұрғындарының бейнежазбаларының арқасында тағы 63 бас өлексе белгілі болған. Оның сегіз аталық болса, қалғаны жас жануарлар. Бұл ақбөкендер де қыс мезгілінде қырылып қалғаны анық. Мұның себебін ең алдымен жем-шөптің табылуының қиындығынан көруге болады. Ауа райы да Арқада қатал болды, күзгі жылымықтан бірден аяз болып кетті. Мұның бәрін түз тағысының қырылуына себеп ретінде қарастыруға негіз бар.

– Өлекселердің барлығын мұқият зерделеп шықты біздің мамандарымыз. Ешқайсысынан механикалық зақым, яғни браконьерлік белгілері анықталған жоқ, – деді Закария Тұралиев.

Оның сөзінше, алдын ала мәлімет бойынша, 124 киік басының қырылуына себеп болатын жұқпалы аурулардың да белгілері жоқ. Дегенмен, ветеринарлық қызметтер әрі қарай зерттеу үшін өлген жануарлардан патологиялық үлгілерді алып, сараптама жүргізуде.

– Шындығында, жылдан жылға киіктердің саны артып келеді. – Әрине, табын неғұрлым көп болса, соғұрлым қыстағы көшіп-қону жолынан көктем келгенде өлген малдарды жиі ұшырастыруға болады. Өз тәжірибемнен айтайын, мен ешқашан бес-алты жастан асқан еркек ақбөкенді көрген емеспін, бірақ аналықтары ұзағырақ өмір сүреді, жетіден сегіз жылға дейін, – дейді Ұлытау облыстық инспекция басшысы.


Айта кетейік, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ақбөкен өлекселері табылғаны туралы хабарламаға да жауап берді. Оның қызметкерлерінің дерегіне сәйкес, еркек жануарлардың табиғи шығыны (жағдайы) көш кезінде табынның 15-тен 30 пайызына дейін жетуі мүмкін. Түз тағыларының өлу себептері арасында табиғи-климаттық жағдайлар да кездеседі.

Ақбөкеннің көп жиналуы мамырдың басында басталатын қозылау кезеңінде де белгілі бір аумақта орын алады. Бұл кезде еркектер табынды қоршап, күзетеді.

Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің үш жақты бұйрығына сәйкес, уәкілетті қызметкерлер «Охотзоопром» инспекторларымен бірлесе отырып, қазіргі уақытта төлдейтін учаскелерде күзет шараларын күшейтуде. Өйткені, ұрғашылар ұрпақ өрбітуді қиындықсыз өткеруі тиіс.

– Ұлытау өңірінде тек Бетпақдала киіктерінің популяциясы қоныс аударады. Осындай жағдай Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарының аумақтарында да болуы мүмкін, – деді Зәкәрия Тұралиев.

Қазақстанда дала бөкенінің барлығы үш популяциясы бар, оның жалпы саны 1 миллион 318 мың дараны құрайды. Бетпақдалада – 489 мың, Жайық маңында– 801 мың, Үстірт аймағында – 28 мың бас.

Ең көбісі Орал жақты, негізінен Батыс Қазақстан облысын мекендейді. 2010-2011 жылдардағы жаппай қырылудан кейін, небәрі онжылдықта мал басы сауығып қана қоймай, өскені сонша, бүгінде олардың санын реттеу қажеттігі жиі айтылып жүр. Негізінен киіктердің үлкен табындары аймақтың ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр деген фермерлердің шағымдары тағы бар.

Бетпақдала популяциясының саны 2015 жылы дала бөкендерінің бірнеше жүз мың даралары өлген жағдайда айтарлықтай азайды. Қазіргі уақытта бұл жануарлар қайта көбеюде. Мал басы өсіп жатыр, соның ішінде Қызыл кітапқа енген жануарды қорғаудың арқасында да осында жақсы үрдіске куә болып отырмыз.

2023 жылдың 11 сәуірінде Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары мен Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы қызметкерлері аймақтағы ақбөкендерді санауға кірісті. Ережеге сәйкес, тиісті іс-шаралар бес күн бойы аумақта тікұшақтардың ұшуы арқылы жүзеге асырылады.

Бетпақдала популяциясын есепке алу Қазақстанның барлық аймақтарында жүргізіледі. Бұл ретте, тіркеу 15 сәуірде басталып, жыл сайын төлдеу кезеңі басталғанға дейін ұйымдастырылатын жалпыұлттық ақбөкен науқанына қатысты емес екенін айта кеткен жөн. Ағымдағы жылдың төлі тек 2024 жылы ғана есепке алынады.

Ақбөкен популяциясының санына браконьерлер де әсер етеді екен.

– Өткен жылдың бірнеше айында Ұлытау облысының әр ауданында ақбөкенді заңсыз аулаудың бес фактісі белгілі болды, – деді Закария Тұралиев. – Біз бұл деректерді әлі де болса полиция департаменттері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетімен нақтылап, тексеретін боламыз. Әр бағалы жануардың жойылуынан келген шығын миллиондаған теңгеге бағаланып отыр.

2023 жылы бір аналық немесе төлді өлтіру мемлекетке 5 миллион 433 мың 750 теңге шығын әкеледі деп нақтыланған. Еркек жануарларды өлтіруден келген шығын 7 миллион 762 мың 500 теңгені құрайды.


Браконьерлікпен күресу мақсатында заңсыз аңшылықты ауыздықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Іс-шараларға аумақтық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі инспекцияларының қызметкерлерінен бөлек, полиция қызметкерлері мен «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары да белсенді қатысады.

«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен жылдың шілде айында құрылған болатын. Қазіргі уақытта штат саны өте аз. Өкінішке қарай, облыста біздің бейінді мамандар жоқтың қасы. Мен мұнда Оралдан келсем, бөлім бастығы – Ақмола облысынан, бас маман – Жаңаарқа ауданынан жұмысқа келді», - деп түсіндірді Зәкәрия Тұралиев.

Әзірге штатта басшымен қоса, небары үш мемлекеттік қызметкер еңбек етеді екен. Жақын арада бос орындарға конкурс қайта жалғасады. Үміткерлер бар, олар негізінен Қазақстанның басқа облыстарының тұрғындары.

Қиындығы - Жезқазған қаласында бүгінде келген қызметкерлер үшін баспана мәселесі өткір проблема күйінде тұр. Облыс орталығы мәртебесін алған соң қаладағы баспаналар біршама қымбаттап, мемлекеттік қызметке жаңадан келген кейбір мамандар екі-үш адамға арналған жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр.

Жергілікті мемлекеттік органдар баспана мәселесін шешуге уәде беріп отыр. Ал әзірге аумақтық инспекция далада жылжымалы түрде жұмыс жүргізу үшін автопаркті жаңартуда. Қарағандылық инспекциядан «Нива-Шевроле» автокөлігі бөлімге берілді. Желтоқсан айында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ұлытауға екі JAC көлігін бөлді. Биыл далалық аймақта тиімді жұмыс істеу үшін тағы екі бірлік жол талғамайтын көліктер келеді деп күтілуде.

Айта кетерлігі, биыл Ұлытау өңірінде ғылыми мақсатта 200 бас қозы іріктелмек. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жоспарына сәйкес, бұл шара Қызыл кітапқа енген жануардың популяциясын сақтау үшін қажет.

Ақбөкен – Қазақстанның ұлттық байлығы, барлық үш популяцияның 90 пайыздан астамы біздің республика аумағында мекендейді. Оның көші-қон жолдары көршілес мемлекеттердің – Ресей, Моңғолия, Өзбекстанның аумақтары арқылы жиі өтсе де, олар үнемі өз еліне оралады.

Жарбол Кентұлы

Рекомендовать
Последние новости