"Уәделеріңіз қайда?" Депутат Алматыдағы балалар үйіне қатысты тосын құжат жариялады

Сағыныш Сардарова 11 июл. 2025 14:25

Алматыдағы Бостандық ауданындағы Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 облыстық балалар үйіне қатысты тағы да дау шықты. Биыл наурызда осы мекеменің тәрбиеленушілері өздерін Алматыдан Қонаев қаласына көшірмек болған биліктің шешіміне қарсылық танытқан еді. Қоғам белсенділері болса, "әкімдік балалар үйі орналасқан бағалы жер телімін құрылыс компанияларының біріне беріп, оның орнына тұрғын үй кешенін салғысы келеді" деп дабыл қаққан болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жағдай қоғамдық наразылыққа ұласқан соң Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы мәлімдеме жасап, "Алматыда оқып жатқан балалардың орнынан қозғалмайтынын, себебі бұл олардың бейімделуі мен қоғамға араласуына кері әсер ететінін" айтқан.

Оның сөзінше, балалардың өздері де Алматыдан кеткісі келмейтінін жеткізген. Әкімдік тіпті бұл шешімді қабылдау кезінде тәрбиеленушілердің пікірін басты назарға алғанын баса айтқан еді. Осылайша облыс әкімдігі бастапқы ұстанымынан шегініп, балалар үйі бұрынғы орнында қалады, ал Қонаев қаласында тек жаңадан  балаларды қабылдайтын орталық ашылады деген мәлімдеме жасаған.

Алайда үш ай өтпей жатып, депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тосын құжат жариялады. 2025 жылы 10 шілдеді Алматы облысының білім басқармасы "Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталықтың мекенжайын өзгерту туралы" бұйрық шығарған екен. Яғни балалар үйінің бұрынғы орнынан Қонаевқа көшу мәселесі қайтадан күн тәртібіне шыққан.

Депутат бұл шешімнің мәнісін түсінбей дал болып отыр.

"Сіздер балаларды орнынан қозғамаймыз деп уәде еткен едіңіздер ғой! Алматы облысы басшыларының бұл сөзі айтылғанына үш ай да болған жоқ. Ендеше мына бұйрық нені білдіреді? Мен ресми түсініктеме күтемін!" деп жазды ол.


Рекомендовать
Последние новости