"Ақ жол" партиясы фракциясының депутаты Олжас Нұралдинов елімізге электромобильдерді әкелуде енгізілген тарифтік жеңілдік режимі жақсы нәтиже көрсетті деп санайды. Алайда Қазақстан нарығында "жасыл" көлікке сұраныс әлі де жоғары екенін айтқан ол бұл реттегі тарифтік жеңілдік режимі мерзімін тағы үш жылға ұзартуды ұсынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жеңілдік шарттарын енгізу электромобильдерге айтарлықтай әсер етті: егер 2022 жылы елімізге тек 1 245 электромобиль әкелінсе, ал 2024 жылы оның саны 15 700 бірлікке, яғни 12 есеге өсті. Бұл сектор енді ғана өз экожүйесін құра бастады: жаңа жұмыс орындары, қызмет көрсету орталықтары, жергілікті құрастыру алаңдары, инфрақұрылым дегендей... Оған параллель тоқ беру станцияларының желісі дамуда: олардың саны 200-ден 1200-ге дейін өсті, оның ішінде Алматыда 400-ден астам, Астанада 300-ге жуық, Шымкентте және облыс орталықтарда тағы 500-і бар", - дейді ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Алайда, оның айтуынша, жалпы көлік паркіндегі электромобильдердің үлесі әлі де шамалы: Қазақстанда тек қана 0,5%, ал Қытайда 35%, Норвегияда 80%, Еуропалық Одақ елдерінде 22% - дан астам көлемді құрайды. Оның деректері бойынша, Қазақстанда 6,4 миллионнан астам автомобиль тіркелген, оның ішінде жүрілгеніне 10 жылдан асқаны 70%-дан астам, олар қазіргі заманғы автомобильдерге қарағанда ауаға 5-7 есе көп зиянды заттар шығарады. Бұл проблема, әсіресе ірі қалаларда айқын көрінеді. Мысалы, Алматыда экологиялық мониторинг деректері бойынша, ауаның ластануының 80% -ы дәл автокөліктерге тиесілі.
"Біз кеңінен қолдауға ие болып, бірақ әлі де бастауында қалып келе жатқан азаматтардың электромобильдерге көшу үрдісін қолдау өте маңызды деп санаймыз. Өйткені бұл шара қалаларымызды, тіпті Астанаға үйреншікті жағдайға айналып үлгерген улы түтіннен қорғауға мүмкіндік береді. Ал электромобильдерді әкелуге арналған жеңілдік режимінің қолданыс мерзімі 2025 жылдың соңында аяқталады, содан кейін оларға қатысты баға 30-40%-ға өсуі мүмкін, бұл сұраныстың төмендеуіне және экологиялық көлік қолданысы өсімінің баяулауына әкеліп соғады. Аталған жеңілдіктің күшінің жойылуы біздің қалалардағы ауаны тазарту перспективаларын бұзып, сондай-ақ экологияның одан әрі нашарлауына әкеледі деп есептейміз", - дейді депутат.
Сөйткен ол бұл ретте мынандай ұсыныстарды алға тартады:
- жеңілдік режимнің қолданыс мерзімін кемінде үш жылға ұзарту, қажет болған жағдайда Еуразиялық экономикалық комиссия алдында осы мәселеге бастамашылық жасау;
- электромобильдерге арналған тоқ беру станцияларын қоса алғанда, жалпы инфрақұрылымдарды дамытуды қолдау;
- отандық өндірушілер мен инвесторлардың электромобильдер мен олардың компоненттерін құрастыруы және өндіруін ынталандыру шараларын қабылдау.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті елімізге тарифтік жеңілдікпен электромобильдерді әкелуде бекітілген лимит таусылуға жақындап қалғанын ескерткен. 2025 жылғы 25 қыркүйекте елімізге 13 000-нан астам электромобиль әкелінді, бұл белгіленген лимиттің 87,2% -ын құрайды. Бір жыл ішінде Қазақстанда электромобильдер саны 57,3%- ға өсті. 2025 жылғы мамырдағы жағдай бойынша электрмен жүретін автомобильдер саны 14,9 мыңға жетті.