Саз аспаптары Тянь-Шань шыршасы, Канадада өсірілген емен және қайың сияқты ағаштардың түрлерінен жасалған. Ағаштардың қылқан жапырақты және қызыл түрлерінен жасалған аспаптардың материалы домбыра үшін керемет акустикалық дыбыс беретіні белгілі.
Аспаптарды әйгілі қазақстандық шебер Жолаушы Тұрдығұлов жасады.
– Өнердің біздің әрқайсымыз үшін берер әсері мол. Оның біздің санамызды өзгертіп, халықтар мен елдерді жігерлендіруге әрі біріктіруге қабілеті зор. Сол үшін де, бизнестің өкілдері ретіндегі біздің міндетіміз – өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету. Мен өз отбасымның әрі компаниямыздың атынан қазақтың халық музыкасын орындаушы – Қазақстанның екі жетекші оркестріне домбыраны тарту етемін. Біздің музыканттарымыздың шығармашылығы еліміздің беделін әлемдік деңгейде асқақтатады деген сенімдемін, – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Құрманғазы және Н.Тілендиев атындағы оркестрлер – еліміздің ұлттық мақтанышы. Музыканттарымыз көптеген шет елдерде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетіп, мемлекет басындағы адамдардың сапарларын музыкамен сүйемелдейді әрі біздің бірегей мәдениетімізді ең жоғары деңгейде танытады.
Айта кетерлігі, биыл «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өзінің 40 жылдығын тойлайды.
Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 2023 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Dalanews.kz анықтамасы:
«Фридом Финанс» АҚ өз клиенттеріне KASE және AIX биржаларында брокерлік қызмет көрсетуді, бағалы қағаздардың баға белгіленімін қолдау бойынша және қаржылық консалтинг саласындағы, борыштық және үлестік қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша маркетмейкер қызметтерін ұсынады.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – көбіне халық музыкасын орындайтын музыкалық ұжым, ол үшін қазақтың саз аспаптарын пайдаланады. Ол 1933 жылы Алма-Ата қаласында музыкалық-драмалық техникум (қазір П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі) жанынан домбыра ансамблі ретінде құрылды. 1944 жылы оркестрге қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайлының аты берілді. 1967 жылдан бері Қазақстанның еңбегі сіңірген ұжымы, 1978 жылдан бері академиялық оркестрі. Оркестрдің репертуарында қазақ және шетел композиторларының үйлесімді әрі полифониялық дыбыстардың заманауи түсіндірмесіне, көп дауысқа бай туындылары бар. Әр жылдары оркестрдің дирижерлары Қазақстанның халық артисі Л. Хамиди, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Л. Шаргородский, К. Мусин, А. Жайымов, КСРО-ның халық артисі М. Төлебаев, Ш. Қажығалиев және т.б. болды.
«Отырар сазы» – Н. Тілендиев атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптар оркестрі. Ол 1980 жылы Қазақ филармониясының жанынан құрылды. «Отырар сазының» көркемдік жетекшісі мен бас дирижері Нұрғиса Тілендиев алдымен шағын ансамбль құрды, ал 1982 жылы оған оркестр мәртебесі берілді.
Оркестрде домбыра мен қобыздан басқа қазақтың жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау т.б. саз аспаптары бар. «Отырар сазы» репертуарына фольклорлық туындылар да, сондай-ақ Қазақстан композиторларының аңыз, шежіре, күй сияқты ұлттық нақыштағы шығармалары кіреді. Сондай-ақ оркестрдің репертуары кинофильмдердің музыкасымен, жеке орындаушылардың орындауындағы аспаптық шығармалармен толықтырылған. Ұжым қазақтың музыкалық фольклорының тамаша үлгілерін сақтап қана қоймай, сондай-ақ заманауи аспаптар мен оркестрдің тембріне сәйкес келетін туындыларды өңдеп, жетілдіріп келеді. «Отырар сазы» оркестрінің құрамында 65 өнер шебері қызмет етеді. 1999 жылы оркестрге Н. Тілендиевтің есімі, ал 2000 жылы Академиялық атақ берілді. Оркестрдің репертуарында халықтың «Кеңес», «Сары өзен», «Сал күрең» күйлері, халық композиторларының «Қосбасар», «Сары жайлау», Тәттімбеттің «Сылқылдағы», «Ерденнің күйі», Ықыластың «Қамбар батыры», М. Төлебаевтың «Еске алуы», Н. Тілендиевтің «Ата толғау», «Қош керуені», К. Күмісбековтың «Қорқыт күйі», «Фараби сазы» және т.б. бар. 2009 жылдан бері Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Динара Тілендиева.