Түркиядағы толқу: "Болашақ" бағдарламасымен оқып жатқан қазақ студенттерінің жағдайы қандай

Кәмшат Тілеухан 24 мар. 2025 16:05 953

Түркияда "Болашақ" бағдарламасы бойынша Қазақстаннан 25 студент оқып жатыр. Олардың барлығы өз кураторларымен байланыста, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме  жасап. 

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Түркия елінде қазір тағылымдама бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 25 қазақстандық бар екенін нақтылайды.

"Барлық білім алушылар қауіпсіз жерде әрі кураторларымен және Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста. Оларға қажет болған жағдайда көмек көрсетіледі. ҚР Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына адамдар көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартуды, сақтық шараларын ескеруді және жергілікті биліктің ұсынымдарын орындауды сұрайды", делінген хабарламада.

Кеше, 23 наурызда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қазақстандықтардан наразылық акцияларына қатысудан аулақ болуды және адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұрады. Сондай-ақ "наразылық туралы ақпарат пен болып жатқан оқиғаларға қатысты пікірлерді әлеуметтік желілерде таратпауға шақырды.

Елшіліктің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қатты сынға ұшырады.

Айта кетсек, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлу мен оның БАҚ-пен байланысты кеңесшісі Мұрат Онгун 19 наурызда арнайы операция барысында ұсталып, сотқа жеткізілді. Іс бойынша сотқа барлығы 100 күдікті тартылған. Осыдан кейін ел ішінде әлеуметтік желілердің жұмысы шектелді. Сонымен қатар, мэрдің ұсталуына байланысты Ыстамбұлда 23 наурызға дейін демонстрациялар мен митингілер өткізуге тыйым салынды.

Негізі, алдағы жексенбіде Республикалық халық партиясының съезінде Имамоғлу 2028 жылғы президенттік сайлауда оппозиция атынан түсетін кандидат ретінде жарияланады деп күтілген екен. Ал президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын, яғни 2027 жылдың қарашасында өтуі де мүмкін екендігі туралы да сыбыс бар. 

Бұған дейін сайтымызда "Төңкеріс бола жаздады". Қор нарығы құлдырап, Түркия дүрбелеңге бой ұруда" деген мақала жарияланған. Сондай-ақ Түркияның 15 миллионға жуық азаматы қамауға алынған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлуды ел президенттігіне кандидат ретінде ұсынды.


Рекомендовать
Последние новости