Түркістан облысына инвестиция тарту, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстар Қытай елінде жалғасты. Іс-сапардың алғашқы күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған делегация ҚХР-ның Бейжің қаласында өткен «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бизнес шараға ғылым және технология салаларының жетекші өкілдер қатысып, жеткізу тізбегінің алты негізгі бағыты бойынша жетістіктерін көрсетті. Нақтырақ айтқанда, озық өндіріс, экологиялық таза энергия, ақылды көліктер, цифрлық технологиялар, салауатты өмір салты және жасыл ауыл шаруашылығы, сондай-ақ жеткізу тізбегі қызметтерінің жетістіктерін ұсынды.
Көрмеде тұрақты даму мен жаһандық жеткізу тізбегін жетілдіруге бағытталған ең озық, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынылды.
Маңызды шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары халықаралық компаниялар өкілдерімен кездесіп, экологиялық таза технологиялар, ақылды көлік шешімдері және жасыл ауыл шаруашылығын дамыту салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ірі компания өкілдерін Түркістан облысына инвестиция тартуға шақырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Іс-сапар аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Хубэй провинциясының Халықтық үкіметінің Шетел істері департаментінің директоры Чжан Сяомэймен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы ынтымақтастық нәтижелерін талқылады. Екі ел өкілдері байланыстарды нығайтуға ықпал еткен бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.
Нұралхан Көшеров қытайлық серіктестерге екіжақты қатынастарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, Хубэй провинциясының басшыларын Түркістан облысына сапармен келуге шақырды. Аймақтар арасындағы байланыстарды нығайту экономиканы дамытуға ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Кездесу Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге жасалған маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік аясындағы ынтымақтастықтың өсіп келе жатқанын айғақтайды.