Түркістан облысында кәсіп бастауға ниеттенген жастардың қатары артты

Dalanews 15 мая 2023 02:32 1145

Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік бағдарламалар арасында жастардың тегін оқуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіппен айналысуына арнайы бағдарламалар биыл молынан қарастырылған. Бұл орайда, жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады.

Биыл бұл бағдарлама аясында еліміз бойынша 5,8 мың жас 5 млн теңге сомасында шағын несие ала алады.

Ал Түркістан облысы бойынша 594 жасқа жеңілдетілген шағын несие беру мақсатында 2,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану мақсатында Түркістан облысында жергілікті жерлердегі NEET санатындағы жастар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Жүйелі жұмыстар мен тиянақты ақпараттық түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өз кәсібін бастауға ниеттілер қатары артып келеді.

Тарқата айтсақ, бүгінде облыс бойынша жалпы 204 жас бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытқан. Оның ішінде Түркістан қаласы – 7, Арыс қаласы – 9, Кентау қаласы – 3, Бәйдібек ауданы – 6, Жетісай ауданы – 2, Қазығұрт ауданы – 46, Мақтаарал ауданы – 3, Отырар ауданы – 15, Ордабасы ауданы – 24, Сайрам ауданы – 15, Сарыағаш ауданы – 26, Сауран ауданы – 9, Төлеби ауданы – 14, Түлкібас ауданы – 14, Шардара ауданы бойынша - 11 үміткерден өтінім келіп түскен. Өтінім бергендердің дені мал бағу мақсатын көздеп отыр.

Жуырда 2,5 пайыздық несиені алуға ниет білдірген талапкерлердің бизнес-жоспарымен танысу мақсатында комиссия отырысы өткізілді. Оған өңір бойынша 25 жоба ұсынылып, оның 23-і комиссия қарауынан өткен.

Ерекше атап өтерлігі, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы бойынша барлық аудан, қала, ауылдар мен елдімекендерде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары арнайы насихаттық топ құрып, жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Осы жұмыстар аясында бүгінге дейін өңірдегі 38 қала, 229 ауыл, 214 ауылдық округ, 301 елдімекен, 22 кент, 32 базар және сауда орындары, 12 кәсіпкерлік орын қамтылды. Нәтижесінде орталық мамандары тарапынан облыс бойынша 18 мыңнан астам NEET санатындағы жастарға жеке тұрғын үй мекенжайлары бойынша кеңестер берілді. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсіндіру бағытында Жастар орталығының парақшаларында 775 пост жарияланды.


Еске сала кетсек, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін, көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – 3 жылға дейін беріледі.

Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Несие 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды.

Рекомендовать
Последние новости