Түркістан облысы әкімінің орынбасары ҰБТ-дан 140 ұпай жинаған Жәнібек Әбілханды марапаттады

Ақтоты Жапатова 22 мая 2025 15:34

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 ұпай жинап, рекорд орнатқан Жәнібек Әбілханды қабылдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесуге Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Исанова мен сынып жетекшісі Гүлзира Бортаева қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан жас түлекті арнайы құттықтап, сый-сыяпат жасады. Марапат пен оқуға қажет ноутбук құрылғысын табыстады. Ұстаздарына құрмет көрсетті.

— Апта өңір үшін өте қуанышты жаңалықпен басталды. Оның басты себепкері әрі кейіпкері – Жәнібек өзіңіз. Республика көлемінде Түркістан өңірі мен ауылыңыздың абыройын көтеріп, рекорд жасадыңыз. Отандастарымызға үлгі болдыңыз. Шын жүректен құттықтаймыз! Зияткер оқушымызды білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген ұстаздарға алғысымыз мол. Бұл бір күндік жұмыс емес. Жылдарға ұласқан еңбектің нәтижесі. Жәнібек секілді елді білімімен мойындататын шәкірттеріңіз көбейсін. Кәсібиліктеріңізді оқушылар арқылы дәлелдейсіздер. Жәнібек соның жарқын көрінісі. Білім ұясымен таныспыз. Мектептің маңдай алды түлегі ең мықты университетке оқуға түсуіне тілектеспіз. Таңдаған салаңыздың шыңына шығып, мемлекетімізде сұранысқа ие мамандардың бірегейіне айналыңыз. Ата-анаңыз, ұстаздарыңыз бен облыстың үмітін әрдайым ақтайды деп сенеміз. Биік белестерді бағындырыңыз! , - деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Жәнібек Асқарұлының мамандығы белгілі. Таңдауы информатика пәніне түскен. Көпбалалы отбасында тұрады. Мұғалімдері бала кезден ақылды, зерек, ізденімпаз, салмақты және табанды екенін айтуда.

Рекордсмен оқушы білім алған мектеп Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында орналасқан. 1500-ден астам бала тәлім алып жатыр. Оқу жылында 100-ден астам оқушы мектеп бітіреді. Ғимараты 1986 жылы салынған. Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы реновация тізіміне енгізілгенін мәлімдеді. Биыл нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Балалар жаңа оқу жылында жаңғыртылған мектепке барады.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде қазіргі таңда 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы бар. Биылғы оқу жылында 33 мыңнан астамы 11-сыныпты бітіреді. Оның ішінде 27 мыңнан аса түлек ҰБТ тапсырады. Облыста 5 тестілеу пункті жұмыс істеп тұр.


Рекомендовать
Последние новости