Тоқаевты ақпараттық деңгейде дискредитациялау жүріп жатыр - депутат Саиров

Көркем Алдабергенова 16 апр. 2024 11:52 12427

Ескі Қазақстан су тасқынын пайдаланып билікке келмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты. Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда президент Тоқаевты ақпараттық деңгейде дискредитациялау жүріп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, елдегі реваншистік күштер елге түскен әрбір ауыртпалықты пайдаланып, қазіргі президентті жамандауға дайын отырады. 

"Президент Тоқаев ҚР конституциясы бойынша Қазақстан Республикасының легитимді президенті. Кейбір сын айтушылар - сын айтып отырған жоқ. Олар біздің елімізде саяси дестабилизация жасауға тырысып отыр. Олар реваншистік күштерге керек. Ал олар қиын-қыстау заманды пайдаланып, қайтадан билікке келуге тырысып отыр. Реваншистік күштер деген кім? Олар бұрынғы мемлекет басшысының айналасында жүріп, байып алған, қалтасын толтырып алған, халықтың бүкіл ақшасын жеп үйренген", - дейді депутат Abay live YouTube-арнасына берген сұхбатында. 

Саировтың сөзінше, олардың жоспары бойынша қазіргі таңда президентті ақпараттық деңгейде дескредитациялау болып жатыр. 

"Сонымен қатар, "Шал, кел" деген неше түрлі челлендж болып жатыр. Мұның бәрі ұйымдасқан түрде болып жатыр. Бұл сын емес, мемлекетке қауіп төніп тұрған кезде мемлекеттің ішіне іріткі салу", - дейді депутат.  

Айта кетейік, бұған дейін Ескі Қазақстан экс-президенттің үгіт-насихатын күшейте бастағанын жазған едік. Әлеуметтік желіде Ескі Қазақстанды жақтаушылар белсенді бола бастаған.

Ескі Қазақстанды жақтаушылар әсіресе TikTok-та белсенді жұмыс жүргізе бастаған. Желіде тараған видеолардың мазмұны бір сарында – Назарбаев билікте отырған кезде халықтың жағдайы жақсы болыпты-мыс.

Парақшаларда Назарбаевтың халыққа жақсы көрініп қалған тұстарын, шенеуніктерді сөгіп жатқан сәттерін көрсетіп, адамдарға психологиялық тұрғыда әсер ететін видеоларды жариялай бастаған.

Сондай парақшалардың бірі – «Елбасы Назарбаев» деп аталған TikTok арна. Парақшада қазіргі уақытта 98 мыңға жуық оқырман бар. Видеолар миллиондап қаралым жинап үлгерген.

Парақшадағы видеолардың бірінде «халық Назарбаевқа шүкіршілік жасай алмағаны» айтылады.

«Қара сумен жүрген халықты балға жеткізіп еді! Барыңды бағалай алмадыңдар. Енді жарқырап өмір сүргендеріңді көрейік! Елбасым, сенің қадіріңді түсінбеген халықтан кеткенің де дұрыс болған-ау!», - дейді видео авторы.

Бұл видеоға жазылған пікірлер – «боттар армиясының» жұмысы тәрізді.

«Тек Қазақстанның емес, Әлемнің көшбасшысы»

«Атамыз қайтып келсе, ешкімнен қорықпай өмір сүреміз»

«Аман болсын, көреген еді, бәрінің алдын алып отыратын еді» - деген сыңайдағы пікірлер көптеп жазылған.

Журналист Сырым Итқұловтың сөзінше, Арыстағы жарылыс, шахталардағы жарылыс, Қаңтар оқиғасы секілді алдымыздан шыққан проблемалар әлеуметтік экономикалық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да құлдырау екенін көрсетіп отыр.

«Бұл сол жұмыстардың жемісі (нақты айтқанда жұмыс атқарылмауының) – бүгін аяқ асты сағына қалған, елді 25 жыл басқарған биліктің жұмысы. (...) Қазіргі проблемалардың контекстіне қарасақ, олардың себебі де белгілі: 30 жылда бірде-бір дамба салынбаған, ТКШ мен инфрақұрылымға инвестиция салынбаған», - дейді журналист телеграм арнасында.

Одан бөлек, «Елбасы кеткелі халықтың жағдайы нашарлап кеткен» деген мазмұндағы видео пайда болған. Мұнда да жазылған пікірлер боттардың жұмысына ұқсайды.

Сонымен қатар, бұған дейін Саиров Назарбаев әулетінің соңына түскенін жазған едік. 


Рекомендовать
Последние новости