Тоқаев цифрландыру дәуірінің қаупі неде екенін айтты

Сағыныш Сардарова 31 мая 2024 17:18 3580

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дәуірінің қаупі неде екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады.

Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек. Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын.

Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн.

Ал деректердің тарап кетуі өз алдына бөлек қауіп. Цифрландыру дәуірінде мәліметтер саф "алтынға" айналады. Сондықтан оларды толыққанды қорғау мәселесінің маңызы зор. Бүгіннен бастап киберқауіпсіздік саласында маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Жалпы қазір көз алдымызда әлемдік экономикада технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Ғаламдық деңгейде энергияның жаңартылатын және баламалы түрлерін көбірек пайдалануға негізделген қуат көзіне көшу қарқын алды", - деді Тоқаев.


Рекомендовать
Последние новости