Төлеби ауданында бау мен суармалы жер көлемі артты

Dalanews 25 июн. 2018 04:45 1031

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төле би ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын пысықтады.



Облыс әкімі алдымен, Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив 2017 жылы 40 га жерге қарқынды алма бауын еккен. Осы жұмыстар үшін 503 млн. теңге көлемінде инвестиция тартқан. Шаруашылыққа қажетті техниканы "Ырыс" МҚҰ аркылы 43 млн. 100 мың теңгеге лизинг бойынша қаржыландырған. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы – Озықбай Абзал Мейрамбекұлы. «Гала», «Голден делишес», «Айдаред» және «Ред делишес» атты алманың сұрыптары егілген бауда 87500 дана түп ағаш бар. Кооперативте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа айлық жалақысы – 90 мың теңге.

Мұнан кейін облыс әкімі Тасарық ауылында орналасқан жеке кәсіпкер С.Танабаевтың жүзім шаруашылығында болды. Кәсіпкер тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал, 2017 жылы қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызды. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» жүзімі егілген. Бетон тіреуіштер орнатып, тамшылатып суару жүйесін қолданған. Көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырған. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 50 млн. теңге. Бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы бөлген. Қожалық басшысы 10 гектар жерді сатып алса, 10 гектар жерді мемлекеттен 49 жылға жалға алған. Жүзім алқабының әр гектарына мемлекет тарапынан 750 мың теңгеден субсидия берілді. Жүзімбақ биыл алғашқы өнімін бере бастайды. Гектарына 35-40 тоннадан өнім береді деп күтілуде. Бүгінде жүзімбақта 10 адам тұрақты еңбек етіп жатыр. Жалақылары орташа есеппен 50 мың теңгені құрайды. Ал, маусымдық жиын-терім мезгілінде мұнда 20-ға жуық адам жұмысқа тартылады. Шаруа қожалығы алдағы жылдары жүзімді қайта өңдеу ісін қолға алып, жүзімбаққа жақын маңнан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастамақ.



Іскер шаруалардың жұмысымен танысқан өңір басшысы жеміс-жидекті өңдеу мәселесін қолға алу керектігін айтты.

– Еуропа елдерінде 10-15 гектар жері бар шаруалар тек дайын өнімді сатып қоймай, жеміс-жидек пен көкөністі өңдейді. Осы арқылы табыс молырақ түседі. Мәселен, алма, жүзім сақтайтын қоймалар мен оны өңдеп түрлі сусындар шығаратын кәсіпорын салсаңыздар тиімдірек болады. Жалпы, Төлеби ауданында жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр көпқабатты 8 үй тұрғындарға берілді. Бұл – аудан тарихында бұрын болмаған оқиға. Аудандағы елді мекендердің 94 пайызы ауыз сумен қамтылды. 14 елді мекенге, яғни, 5000 үйге газ берілді. Газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жолдар салынып жатыр. Каналдар тазаланып, суармалы жер көбейді. Осы бағыттан айнымай, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын жандандыра түсу керек, – деді Жансейі Түймебаев.

Рекомендовать
Последние новости