Тоғжанов, Маржықпаев, Ұранхаев Үкіметтің «жедел жәрдемі». Сарапшы Бектеновтің кеңесшілері туралы айтты

Көркем Алдабергенова 27 июн. 2025 15:40

Қазақстан қоғамында Үкіметтің жұмысы сынға жиі ұшырайтыны жаңалық емес. Бір жағынан, тұрғындар қосымша құн салығының (ҚҚС) көтерілуіне наразы болса, екінші жағынан Президент экономикалық блоктың креативті идея ұсынбай, ескі сүрлеумен жұмыс істеп жатқанына сын айтып келеді. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дегенмен, әділеттілік тұрғысынан алғанда, қазіргі Үкімет «идеалды дауылдың» ортасында қалып отырғанын мойындау керек. Бір жағынан, ірі экономикалық әріптесіміз Ресей мен Батыстың санкциялық текетіресі тұрса, екінші жағынан, ішкі инфрақұрылымымыздың әбден тозығы жеткен. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, бүгінде ЖЭО пен стратегиялық маңызы бар өзге де нысандардағы апаттардың жиілеуі – бұрынғы Үкіметтердің жіберген олқылықтарының жемісі.

«Қазіргі Үкімет осы бұрынғы билік тұсында шешілмеген мәселелердің салдарымен күресуге мәжбүр. Және мұның барлығы бюджет тапшылығы жағдайында жүзеге асуда. Бұрынғы жайлы кезеңде бейқамдық танытып, инфрақұрылымды жөндеуге жұмсалмаған қаржыны қазіргі кабинет іздеп, қиындыққа тап болып отыр», – дейді Қалиев.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметінен

Оның пікірінше, Үкімет кеңесшілерінің құрамы да осымен байланысты болуы мүмкін. Өйткені, бұрын кеңесші қызметіне тәжірибесі жоқ, аты-жөні белгісіз немесе зейнет жасындағы азаматтар алынса, қазіргі Премьер-министр кеңесшілерінің қатарында үш бірдей бұрынғы облыс әкімі – Ералы Тоғжанов, Ермек Маржықпаев және Нұрлан Ұранхаев отыр.

«Ералы Тоғжанов пен Ермек Маржықпаев көктемгі су тасқыны салдарын жою кезінде өңірлерге жиі сапар шегіп, белсенділігімен есте қалды. Ал Нұрлан Ұранхаевтың құрылыс мәселелерін бақылауға алғаны белгілі. Архитектор мамандығы бойынша білімі бар болғандықтан, Ұранхаев бұл саланы басқаларға қарағанда жақсы білетіні сөзсіз», – дейді саясаттанушы.

Ал Ермек Маржықпаевтың міндеті күрделі әрі жауапкершілігі зор. Ол елдегі инфрақұрылымның жағдайы мен жылу маусымына дайындықты қадағалайды.

«Маржықпаевтың кезінде Ақмола облысын басқарғанын ескерсек, бұл саладағы түйткілдерді жақсы біледі. Себебі Көкшетаудағы ЖЭО 90-жылдардан бері күрделі проблемалардың ортасында тұр. Жуырда ол Екібастұз, Риддер сияқты тәуекелі жоғары өңірлерге арнайы барып, жағдайды жеке бақылауына алды. Маржықпаев инфрақұрылым мәселелерін тек техникалық тұрғыдан емес, кадрлық қамтамасыз ету жағынан да саралап, "ұлттық қауіпсіздік мәселесі" деп бағалады. Бұл – өте дұрыс әрі дәл баға», – дейді Талғат Қалиев.

Автордың пікірінше, бұл жағдай Үкіметтің жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді. Сондықтан кеңесшілер құрамындағы осындай кәсіби мамандардың болуы министрлер мен әкімдерге де үлгі болуы тиіс.

«Әрбір министр мен әкім осындай кәсіби кеңесшілердің пікіріне құлақ асуы қажет. Кез келген жағдайдан сабақ алып, жүйелі шешім қабылдау керек. Алматы тауларында туристің қайғылы қаза табуы сияқты оқиғаларда да осындай жүйелі тәсіл қажет. Бұл қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін қателіктермен жұмыс жүргізілуі тиіс», – деп түйіндейді сарапшы.


Рекомендовать
Последние новости