Қазақстандағы ақпараттық кеңістікте дипфейк технологиясымен жасалған жалған видеолардың жаңа толқыны таралуда. Бұл жолы алаяқтар интернет желісінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің бейнесі мен даусын қолдан жасап, жалған видео таратқан,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Видеода министрдің Ресей әуе кемелерінің еркін ұшуы «толық заңдастырылды» деп мәлімдегені көрсетілген. Сонымен қатар видеода отандық журналистің де осы шешімді қолдайтыны көрсетілген. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Вице-премьердің атынан жарияланған бұл фейк видеоға байланысты құзырлы органдар ресми түрде түсініктеме беріп, мұндай жалған ақпараттарға сенбеуге және тексерілмеген дереккөздерден таралған мәліметтерді бөліспеуге шақырды.
Аталған видеоға қатысты журналист те өз пікірін білдіріп, мұндай манипуляцияларға таң қалғанын жеткізді:
«Бұл видеоға сенсек, мен енді жай журналист емес, халықаралық шешімдерге ықпал ететін адам екенмін», – деп жазды Ғазиза Райымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Құзырлы органдар азаматтарды ақпарат тұтынуда сақ болуға, тек ресми және сенімді дереккөздерге жүгінуге шақырады.