Теңіз кен орнында газ сепарациялау кешенін итальян-ливандық консорциум салатын болды

Кәмшат Тілеухан 06 авг. 2025 10:00

Теңіз кен орнында газ сепарациялау кешенін итальяндық Tecnimont S. p.a. компаниясы мен ливандық Consolidated Contractors International Company-ды қамтитын консорциум салатын болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ҚМГ-ның еншілес ұйымы "KMG PetroChem" ЖШС Италияның Tecnimont S.p.A. және Ливанның Consolidated Contractors International Company (CCIC) компанияларының консорциумы Атырау облысында газ сепарациялау кешенін (ГСК) салу жөніндегі EPC-келісімшартқа (инжиниринг, жабдықтау және құрылыс) қол қойды", делінген ұлттық компания хабарламасында.

EPC - келісімшарт өңдеу қуаты жылына 9,1 млрд текше метр болатын ГСК-ны жобалауды, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және толық ауқымды құрылыс жұмыстарын қамтиды. Бұл еліміз үшін бірегей жоба, өйткені Қазақстанда мұндай көлемдегі кешен бұрын болмаған. Ол Теңіз кен орнында салынады.

"ГСК жобасы "Силлено" ЖШС-нің полиэтилен зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуді және қосымша 360 мың тоннаға дейін пропан өндіруді көздейді. Бұл фракциялар "Теңізшевройл" ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газды сепарациялау арқылы бөлініп алынады", деп нақтыланады.

2025 жылғы мамырда басталған ерте құрылыс-инжиниринг жұмыстары — жобаны іске асыру мерзімінің сақталуын қамтамасыз ететін маңызды кезең екенін атап өткен жөн.

ГСК жобасы Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытып, қосылған құны жоғары өнім шығару үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде жергілікті қамтуға басымдық беріледі: құрылысқа, қызмет көрсетуге және тауар жеткізуге қазақстандық кәсіпорындар кеңінен тартылады. 

Бұдан бөлек келісімшарттың міндеттемелері аясында ГСК іске қосылғаннан кейін пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын орындайтын қазақстандық мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама көзделген.
 
Айта кетсек, "KMG PetroChem" ЖШС — "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны, мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырады және үйлестіреді. Tecnimont S.p.A. — Maire Group-тың еншілес кәсіпорны, өңдеу өнеркәсібі үшін инжиниринг саласындағы әлемдік көшбасшы компаниясы. Consolidated Contractors International Company (CCIC) — 1952 жылы құрылған, мұнай-газ, мұнай-химия және инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларға маманданған халықаралық EPC компаниясы.


Рекомендовать
Последние новости