Тарғын ауылында «Ауыл аманаты» арқылы жартылай фабрикаттар цехы кеңейтілді

Ақтоты Жапатова 19 мая 2025 13:28

Ұлан ауданының Тарғын ауылында орналасқан «Диана» шаруа қожалығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жартылай фабрикаттар өндіретін цехын кеңейтіп, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға серпін берді, деп хабарлайды Dalanews.kz

2021 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Диана» шаруа қожалығы бүгінде ауыл кәсіпкерлігінің дамуына өз үлесін қосып отыр.

Қожалық жетекшісі Бердинова Арай Зарыкқанқызы 2023 жылы ауыл ішінде жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цех ашып, өндірісті қолға алған болатын.

Цехта түшпара, мәнті, вареники сияқты ұн өнімдері мен фарш жасалады.

Кәсіптің ауқымын кеңейту мақсатында 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8 640 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өндіріс орны күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жабдықтармен толықты. Бұл цехтың жұмысын жүйелеп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде цехта ауылдың 5 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде ауылда жұмыссыз жүрген азаматтарға үлкен көмек.

Шаруашылық иесі Арай Зарыққанқызы көрсетілген қолдауға алғысын білдіріп, алдағы жоспарларын бөлісті.

- «Ауыл аманаты» бағдарламасы бізге үлкен демеу болды. Жаңа техника алып, жұмыс орнымызды кеңейттік. Бұл – тек менің ғана емес, бүкіл ауылдың қуанышы. Енді өндірісті әрі қарай дамытып, ауылдың атын шығаратын өнім дайындауды мақсат етіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

«Диана» шаруа қожалығының бұл бастамасы ауыл кәсіпкерлігін қолдаудың нақты нәтижесі ретінде көпке үлгі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылдағы кәсіп жанданып, жергілікті халықтың тұрмысы жақсарып келеді.


Рекомендовать
Последние новости