Таразда Отбасы банкінің 170-тен астам салымшысы пәтерлі болды

Dalanews 14 авг. 2023 11:58 1071

Тараз қаласында Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде «2-10-20» бағдарламасымен Отбасы банкінің 170-тен астам салымшысына баспаналы болу бақыты бұйырды.

Көне шаһардың "Ұлы дала" ықшамауданынан салынған тұрғын үй кілттерін табыстау салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Абдалы Нұралиев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов қатысып, пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтады.

Биыл Тараз қаласында 42 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, жыл соңына дейін 2820 пәтер пайдалануға берілмекші.


– Ел тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарылып, жыл сайын қомақты қаржы бөлініп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен баянды жобалар бағдарын тауып, халық баспана бақытына кенелуде.

Сондай бағдарламаның бірі «Бақытты отбасымен» бүгін бірталай тараздық отбасы баспана бақытына бөленуде. Соңғы онжылдықтың бедерінде Тараз қаласында жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, тұрғын үй саны арта түсті. Жалпы, соңғы 4 жыл көлемінде (2019-2023 жылдары) Тараз қаласы бойынша 5 800 пәтер берілсе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 844 азамат баспаналы болды, ал пәтер кезегінде тұрған азаматтарға 1 956 пәтер берілді.


Биыл салынатын 42 тұрғын үйдің төртеуінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 460 пәтер өз иелеріне табысталды. Үй салынарда тұрғындардың сұранысы ескеріледі. Мәселен, бүгінгі беріліп отырған үйде балалар ойын алаңы, спорт алаңшалары да салынған.

Мұның бәрі тұрғындардың сұранысына қарай жасалған жұмыстар. Жаңа үйлер бой көтеріп жатқан Ұлы дала ықшамауданы – Тараз қаласының ең үлкен ауданы. Алдағы уақытта бұл ықшамауданда айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Дәл осы жерден көлемі 10 гектарды құрайтын саябақ салынатын болады. Қазір бұл ықшамауданда 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның екеуі заманауи «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынуда, – деген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жаңа пәтерлі болып жатқан тұрғындарға құтты қоныс тіледі.

Отбасы банк "2-10-20" бағдарламасы бойынша 16 мыңнан астам қазақстандық отбасының жеке пәтер сатып алуына мұрындық болған. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін биыл банкке республикалық бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінген.

– Табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған "2-10-20" бағдарламасына қатысушылар 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады.

Яғни, бұл бағдарламаға қатысушы алғашқы жарнасына баспана бағасының 10 пайызын төлеп, қалған соманы 20 жылға бөліп өтейді. Жақын арада жаңа өтінімдерді қабылдау басталатынын қосымша хабарлайтын боламыз.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес бағдарлама шарттарына өзгерістер енгізілді. Енді "жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар", "I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар" санаттары бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған қазақстандықтар да бағдарламаға қатыса алады.


Әрқайсымыз үшін жаңа, ең бастысы, өзіміздің жеке пәтірімізге көшу - өмірдегі аса маңызды әрі қуанышты оқиға. Пәтерлеріңізде балалардың күлкісі жиі естіліп, іші жылулық пен жайлылыққа толы болуына тілектеспін. Бүгінгі таңда Отбасы банк «2-10-20» бағдарламасы бойынша 16 мыңнан астам қазақстандық отбасына жеке баспана алуға көмектесті.

Бағдарламаның болашақ қатысушылары үшін жақсы жаңалығымыз бар. Биыл банкке республикалық бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінді. Бұл басқа қатысушылар да 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады деген сөз.

Жақын арада жаңа өтінімдерді қабылдау басталады, оны қосымша хабарлаймыз, – деген "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов баспаналы болған тараздықтардың бақытына тілектестігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгін иесін тапқан пәтерлердің құны бір шаршы метрге 160 мың теңгемен бағаланған.

– Әр адамның өмірінің түп негізі – өз үйінің, ошағының бар болуы. Отбасының берекесі де осыған байланысты. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп халық бекер айтпайды. Отбасы банкінен тұрғын үй алу мақсатында депозит ашып, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен өз баспанама бүгін қолым жетті. Өте қуаныштымын және отбасымның атынан ризашылығымды білдіремін. Ел игілігі үшін жасалған осындай игі бастамалар жалғасын таба берсін.

Халықтың игілігіне арналған жұмыстар жемісті болуына тілектеспін. Менің отбасыммен бірге бүгін үйлі болып жатқан көршілеріме де жаңа қонысымыз жайлы болуын тілеймін, – деген Қаламқас Мәмбеталиева қуанышын көппен бөлісті.

"Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, Жамбыл облысында жас отбасыларға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып келеді.

Облыс әкімшілігі мен Отбасы банк бірлесіп жүргізіп отырған бұл бағдарламаға медицина, білім, мәдениет, спорт саласының қызметкрелері мен журналист жастар қатыса алады. Оған биыл 2 миллиард теңге бөлінген, бұл 130 жас отбасын баспанамен қамтамасыз етуге жетеді.

Бағдарлама арқылы баспана бағасының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, несиені 5 пайыздық жеңілдетілген шарттармен алуға мүмкіндік бар. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, ел азаматтарының үй алуына мүмкіндік туғызып отырған Отбасы банкінің басты мақсаты – қазақстандықтардың баспаналы болуына жағдай жасау.
Қамар Қарасаева,
Тараз қаласы.

Рекомендовать
Последние новости