Танымал депутат су жаңа премьерге ағалық ақылын айтты

Сағыныш Сардарова 08 февр. 2024 11:56 12688

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанның су жаңа премьер-министрі Олжас Бектеновке ағалық ақылын айтып, одан қандай үміт күтетінін жеткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жуырда ғана Тоқаев Әлихан Смайылов басқаратын Үкіметті отставкаға жіберген еді. Жаңа премьер-министр - 43 жастағы Олжас Бектенов.

"Премьерлік постқа Олжас Бектеновтың кандидатурасы болуы мүмкін деген жорамал бұған дейін менің болжамымда жоқ еді. Ендігі Министрлер Кабинетін болбыр, сылбыр лауазымгер басқармауы керек, ол батыл, қажет кезінде үстел тоқпақтап, өз министрлерін бір шыбықпен айдайтын мінезді премьер болуы керек деген ойда болдым. Бірақ Бектеновтың кандидатурасы бұл критерийлер тізімінде болмаған.

Тіпті, президент Тоқаев бұл ретте Бектенов мырзаны үкімет басқаруға ұсынуы мүмкін деп, ешбір сарапшы мен саясаттанушы болжам жасаған жоқ. Сондықтан президент пен "Аманат" партиясы бұл жолы күтпеген таңдау жасады. Бірақ "Аманат" партиясының басы – екеу, аяғы төртеу емес, бұл – президент Тоқаевтың таңдауы екені даусыз. Бірден айтайын – мен бұл тосын таңдауды қолдаймын.

Неге? Бұл таңдаудың өзіндік ерекшелігі неде?

Бұл орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің бүгін өткен кеңейтілген отырысында кең-молынан айтты. Нығырлап айтты. Үзілді-кесілді талап тұрғысында айтты. Осы тұрғыдан келгенде, Олжас олжа салатын тақырыптар БАҚ-та бұрқырып жазылып жатыр.

Ал президенттің жаңа үкіметке талабын таразылап тарқатсақ, біз не айта аламыз? Бектеновтың үкіметінен не үміт күтеміз?

Қоғамға мәлім – ел бюджеті ешкінің кепкен терісі сияқты, ары-бері созуға келмейтін деффициттік дағдарыс жағдайында. Бұл тулақ дар-дұр айырылудың алдында. Халықтың салығы мен әбден ыңыршағы шыққан отандық өндірістен өзге бюджетке түсетін кірістің басқа көзі тапшы.

Мұнайдың мүмкіндігі де сала құлаш созатын резіңке емес, экспортты еселеу мүмкіндігі шектеулі. Бюджетті толтырады деген мұнай-газ тасымалының басым бөлігі Ресейдің құбыр магистральдарына мүдделі. Кезкелген сәттеТоқаевқа тоңтеріс бола қалуы ықтимал Кремль кранды жап десе, немесе Қара теңіз арқылы өтетін "КТК" құбырында әлдебір (жасанды) апат бола қалса, ел бюджетіне түсетін қаржының тең жартысы күрт тоқтайды деген сөз...

Ел экономикасын шетелдік инвестициямен үрлей беру мүмкіндігі де шектеулі. Инвестиция – қайтарымы бар қаражат. Оның үстіне, ол бәлекет үстеме пайызбен қайтуы тиіс, елдің болашақ бюджеттеріне қосымша ауырлық түсіретін орасан зор шығын.

Сонда не қалады? Елдің әлеуметтік-экономикалық мұқтаждығын өтеу ауқымын жаңа үкімет қандай мүмкіндіктің есебінен кеңейте алады? Президент Тоқаевтың әлеуметтік бастамаларын қаржымен қамтамасыз етудің қандай қосымша мүмкіндігі болуы мүмкін?

Иә, бұл орайдағы резерв – соңғы 20-25 жыл көлемінде ұрланып-жырланған активтерді ел қазынасына қайтару. Әлі күнге дейін сыртқа тоқтаусыз сырғып жатқан активтер мен қаражаттың ағысын тоқтату. Тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда, әртүрлі әдістермен, қитұрқы схемалармен шетке шығарылып жатқан қаражаттың көлемі Назарбаевтың "дәуіріне" жетеғабыл көрінеді.

Міне, президент Тоқаевтың экономикалық саясатында Бектеновтың премьерлік постқа қажеттілігі осы проблемаларға байланысты туындап отыр деп болжаймын. Егер жаңа премьер-министр өзіне ел экономикасының күнгейін егжей-тегжейлі меңгерген білікті орынбасарлар таңдап алатын болса, макроэкономикалық көрсеткіштерді қалыпты деңгейде ұстап тұруға және экономикалық индикаторларды әлдеқайда жақсартуға болады.

Ал қазіргі жағдайдағы күрделі мәселе – ел экономикасының теріскей, көлеңкелі жағында болып тұр. Бұл теріскейдің қырсауы сөгілмей, әлі күнге сіресіп жатыр.

Ал Бектенов мырза соңғы 10 жылдан астам осы көлеңкелі экономикамен айналысқан маман деп білем.

Сондықтан ол президент жүктеген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен түйсінуі тиіс. Отанды талан-таражға салуды үзілді-кесілді тоқтату керек!

Бектенов – тәуелсіздік жылдарында премьерлікке құқық қорғау – күштік құрылым саласынан келген бірінші лауазымгер. Сондықтан жаңа премьер экономиканың теріскейін түзеуге бірінші кезекте мүдделі тұлға деп санаймын. Бір үміт – осы.

Иә, әлеуметтік желілерде Олжас Бектенов – "мент-премьер" деген сан-саққа алыпқашпа пікірлер айтылып жатыр. Қоғамның аузына қақпақ бола алмайсың. Мәселе "ментте" емес, мемлекеттік ментализмде! Мінез мемлекеттік мүдде тұрғысында болса, сол ментальдық елді жайлаған жемқорлықтың қас жауына айналса, премьердің пайымындағы басты критерийдің бірі осы болғаны.

Елге жалпағынан жайылған жемқорлықпен нақты күресті "мент-премьер" бастайды деп сенемін. Егер, бірінші кезекте, жемқорлық жойылмаса, ел экономикасында ешқашан береке де, оңды өзгеріс те болмайды. Ондайда Бектенов мырза ел президенті мен парламент депутаттарының алдында: "Экономикалық реформалар жүзеге асатын болады!" деп, салтанатты сыңайда серт бергені бекер болғаны.

Ең бастысы, ұрланып-жырланып, елден жылыстатылған ішкі-сыртқы активтерді Қазақстанға қайтару – бұл ел президентінің өзіне қабылдаған программалық міндеті. Екінші қайыра таққа отырған кезде халыққа берген уәдесі – елде әлеуметтік әділеттілік орнату. Жеті жылғы президенттік құзіретінде өзіне жүктеп алған осы міндетті орындап шықса, Тоқаев мырза президенттік қана емес, сонымен бірге перзенттік парызын да орындағаны.

Ал ол әділеттіліктің басты аспектісі – халықтың аузынан жырып, клептократ-ұрылар алып кеткен орасан зор қаржыны қазынаға қайтару. Жаңа премьер осы президенттік-программалық пайымның іске асуына барлық күш-қарымымен бүкіл үкімет пен Бас прокуратураға генерация беруі тиіс.

Иә, Олжас Бектенов бұған дейін үлкен экономикамен етене айналыспаған адам. Иә, ол тіпті мемлекеттік деңгейдегі шаруашылықты министрлік дәрежеде басқармаған лауазымгер. Мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі де кенделеу болуы ықтимал.

Бірақ жас амбициясы асқақтап тұрған жаңа мемлекеттік менеджер ретінде өз Кабинетін президент жүктеген міндеттерге жұмылдыра алады деген үмітім зор. Оның алдында кемінде 20-25 жылдық белсенді саяси өмір бар. Сонымен бірге оған президент теңдесіз шанс беріп отыр. Ол бұл мүмкіндікті таза ниетімен, мемлекет алдындағы азаматтық парызыменu пайдалана білуі керек. Бұл – менің ағалық ақылым", - дейді депутат.


Рекомендовать
Последние новости