Талғарда адам зорлағаны үшін қамауға алынып, артынша қашып кеткен ер адамның ісіне қатысты кімдер жазаланғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Ер адамның тергеу изоляторынан қашып кетуіне қатысты Талғар уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкері Ішкі істер органдарынан босатылған.
"Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан немқұрайлылық фактісі бойынша жеке қауіпсіздік бөлімшесі ҚР ҚК 371-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады ("жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның өзге де басшысының қызметі бойынша әрекетсіздік").
Осы қылмыстық іс шеңберінде лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар, қызметтік тергеу нәтижелері бойынша 12 қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкері теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды", - деп хабарлады ҚР ІІМ редакцияның ресми сұрауына.
Еске салайық, жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 25 қазанда уақытша ұстау изоляторынан қашқан күдікті Тереңқара ауылының шетінде ұсталған болатын.
Күдікті қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған жасалған негізгі қылмысқа қосымша қамаудан қашқаны үшін айып тағылады.
21 қазанда Алматы облысында уақытша ұстау изоляторынан күдікті қашқан болатын. Оны ұстау үшін арнайы "Сирена" жоспары енгізілді.
"Негізгі бағыттарда бақылау-өткізу пункттері орнатылып, барлық күш пен қаражат қашқынды тауып, ұстауға бағытталған. Сонымен бірге қашып кетудің мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеру тағайындалды", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.
Баспасөз қызметі жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін хабарлаған болатын.
Көршілерінің сөзінше, 26 жастағы ер адам кәмелетке толмаған туыс қарындасын зорлағаны үшіні ұсталған.
Түнде қала бойынша блокбекеттер қойылып, күндіз олар алынып тасталды. Ер адам темір торға түсер алдында Тереңқара ауылында тұрған екен. Оның үйін полицейлер бақылауға алды. Туыстары журналистермен сөйлеспей қойған.
Күдікті ер адамның көршілерінің сөзінше, ол бұған дейін де жауапқа тартылған. Кейіннен анасымен бірге тұрған. Бір жылдары анасы 8-сыныпта оқитын немере қызын асырап алған. Ер адам сол қызды зорлаған. Бұл туралы алғаш болып мектеп мұғалімдері білген.
"Ер адам қызды зорлағаны туралы мұғалімдері анасына айтып берген. Оқиға жазғы каникул кезінде болған. Мұндай жағдайлар бұған дейін де болған екен", - дейді тұрғындардың бірі.
Тергеу изоляторының жан-жағында камералар тұр. Бақылау-өткізу аймағында кезекшілер отыр. Алайда күдікті тергеу изоляторынан күдікті қалай қашып кеткенін ешкім түсіндіре алмаған.