"Суға кеткен Шетпе". Маңғыстаудағы нөсер жауын ауыл өмірін тұралатып тастады

Көркем Алдабергенова 27 июл. 2025 20:45

Маңғыстау облысының орталығына жақын орналасқан Шетпе ауылы нөсер жаңбырдың кесірінен суға батып жатыр.

Бірнеше сағат бойы толассыз жауған жауыннан кейін елді мекен көшелерін лай су басып, ауыл тұрғындары балшықтан белуарға дейін батуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жергілікті жұрттың айтуынша, жаңбырдың салдарынан ауыл ішіндегі жолдарды шайып, көшелерді қуалай аққан лай су үйлердің ауласын, көлік тұрағын да аямай басқан. Әсіресе, ауылдың теміржол бойында орналасқан аймақтары қатты зардап шеккен.

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан Шетпе тұрғындарының көліктерін лайдан шығара алмай әуреге түсіп жатқанын көруге болады.

«Ауыл түгелімен суда қалды. Балшыққа батып, көшеде жүру мүмкін емес. Төбеден құйылған судан қашып үлгермедік», – дейді жергілікті тұрғындар.

Әзірге ресми органдар бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермеген. Тұрғындар құтқарушылардың әрекетсіздігіне наразы.

Айта кетейік, «Қазгидромет» мамандары 27 шілде күні Маңғыстау облысының солтүстік, орталық және батыс бөліктерінде күн күркіреп, жаңбыр жауатынын алдын ала ескерткен болатын. Синоптиктердің хабарлауынша, 28 шілдеде де облыстың солтүстік-батыс аумағында жауын-шашын сақталады.

Ал нөсер жаңбыр салдарынан ауылдағы теміржол маңында су ағып, көлік жолдарын да шайып кеткен.

Осы мәселеге қатысты «Қазақстан темір жолы» компаниясы ресми мәлімдеме жасады:

«Теміржол бойына жақын жерде тасқын су жүргенімен, теміржолдың өзі аман. Рельстерді шайып кету қаупі жоқ. Қазір бұл аумақта жол жөндеуші бригадалар мен арнайы техника күндіз-түні кезекшілік атқаруда. Уақытша ескерту белгілері қойылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жолаушылар мен жүк тасымалдаушы пойыздардың қозғалысы қалыпты, ешқандай кідіріс жоқ», – делінген хабарламада.

Жауыннан зардап шеккен ауыл тұрғындары әзірге көмек келмегенін айтып, жергілікті биліктің әрекет етуін талап етуде. Тұрғындарға сақ болу және шалғай жолдарға шықпау ұсынылады.

Маңғыстау ауданың әкімдігінің мәліметінше, қатты жауын-шашын салдарынан судың көлемі артып, арнадан асып кеткен. Әсіресе Жаңаорпа және Ащыбұлақ шағын аудандарында бірнеше үй мен аула аумағын су басып қалған.

«Қазіргі уақытқа дейін аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің 101 жедел желісіне тұрғындардан 15 хабарлама келіп түсті. Аталған мекеме мен ауыл әкімдігі бірлесіп, мотопомпа және басқа да құрылғылардың көмегімен суды сору жұмыстарын жалғастыруда», – деп түсіндірді әкімдік өкілдері.

Сонымен қатар, жауапты мекемелер жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын және су басқан аумақтарға қосымша көмек жіберілгенін жеткізді. Әкімдік мамандары алдағы күндері де ауа райы құбылыстарының алдын алу бойынша кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылатынын хабарлады.


Рекомендовать
Последние новости