Қазақстанда медицина саласы жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу арқылы жаңа даму сатысына қадам басып келеді. Цифрландыру мен инновациялық шешімдер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған,- деп хабарлайды Dalanews.kz
40 жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан дәрігер Вячеслав Локшин бұл үдерісті толығымен қолдайды.
– Бұл тақырып мені бұрыннан қызықтырады. Ғылым мен техниканың мүмкіндігін, әсіресе жасанды интеллектіні, барынша пайдалануымыз керек. Өз тәжірибемізде де қолданып келеміз. Мәселен, екі жылдан бері біздің клиникадағы эмбриология зертханасында ЖИ технологиясы эмбрионды іріктеу процесінде көмек көрсетіп келеді, – дейді Локшин.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе ЖИ-дің кей жағдайда дәстүрлі дәрігерлік диагноздан да дәлірек нәтиже беретінін көрсетіп отыр. Дегенмен, ол бұл технологияны тек көмекші құрал ретінде қолдану керек деп санайды.
– Науқастар әртүрлі, аурудың ағымы да әрқилы. ЖИ қысқа уақыт ішінде бірнеше болжам ұсына алады, ал түпкілікті шешімді қабылдау – дәрігердің құзырында. Жауапкершілік адамда қалуы тиіс, – дейді дәрігер.
Медицинадағы жасанды интеллект құралдарының қолданылуы министрлік деңгейінде де қызу талқыланып келеді. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова мен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин еліміздегі медициналық инфрақұрылымды цифрландыру жобаларын талқылады.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Ақмола облысында «ЖИ-терапевт» сервисі сынақтан өтуде. Бұл жүйе дәрігер мен науқас арасындағы әңгімеге талдау жасап, 80%-ға дейін дәл алдын ала диагноз қоя алады және дәрігердің құжат толтыруға жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартады.
Сонымен қатар, қашықтан бақылау жүргізетін телемедициналық қосымша да іске қосылмақ. Ол арқылы тұрғындар өз денсаулығын – қан қысымы, пульс, дене температурасы, қандағы қант пен оттегі деңгейін бақылай алады. Бұл әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін тиімді шешім болмақ.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін пилоттық режимде смарт-бейнежетондар да енгізілуде. Бұл құрылғылар жедел жәрдем бригадаларында орнатылып, төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Медицина қызметкерлеріне барынша қауіпсіз және тиімді жұмыс жағдайын жасау – біздің басты мақсатымыз. Біз табысты жобаларды бүкіл ел бойынша кеңейтуге дайынбыз, – деді министр Ақмарал Әлназарова.