Павлодар облысында бопсалаумен айналысқан күдіктілер құрықталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Екі қалада ұзақ уақыт бойы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін бопсалаумен айналысқан маргиналды жастар арасынан 2 адамды ұстау бойынша сәтті операция жүргізілді.
Олар жастарға қоқан-лоқы көрсетіп, зорлық-зомбылық жасап, ақша, материалдық құндылық сұрап, тауар ретінде де, ақшалай да несие рәсімдеуді талап еткен.
Алдын ала мәліметтер бойынша ұсталғандарға қатысты бопсалауға байланысты 10-нан аса құқықбұзушылық тіркелген.
ҰҚҚКБ қызметкерлері бірқатар іс-шара өткізіп, күдіктілердің кінәсін дәлелдеуге және оларды ұстауға мүмкіндік беретін дәлелдер жинаған.
"Полиция өңірдегі студенттер мен жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмысты жалғастырады", - деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.