Qazaq Air-ды сатып алған Вьетнамның Sovico Group компаниясы Қазақстандағы әуежайды өз басқаруына алу туралы жоспарын кейінге шегере тұрмақ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Бастапқыда компания Ақтөбе және Түркістан облыстарынан әуежайларды жалға алуды қарастырған екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жұманғарин өткен айда вьетнамдық компания Қазақстанда әуежай сатып алу немесе оны басқаруға алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан еді. Кейін Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев бұл мәселенің Қызылорда облысындағы әуежайға қатысты айтылғанын жеткізген.
Алайда, қазіргі уақытта аталған мәселені қарастыру жайы кейінге қалдырылғаны белгілі болды. Жұманғариннің айтуынша, бастапқыда вьетнамдық компания Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы әуежайларды қарастырып көріпті.
"Менің білуімше, компания бұл бағыттағы жұмысты, әзірге тоқтатты. Бұл арада әуежайды бүтіндей сатып алу туралы сөз болып отырған жоқ. Олар әуежай базасы болуы үшін оларды басқаруға алғысы келген. Бірақ бұл мәселе шешімі де кейінге қалдырылды, өйткені әуе компанияны дамыту үшін оларда жеткілікті мөлшерде үлкен инвестиция бар. Олар келесі кезеңді әуежайды сатып алу немесе оны басқаруға алу жайын қарастырады. Қалай дегенмен де егер әуе компания болса, оған бәрібір базалық әуежай қажет болады", – деп атап өтті Мәжілістегі брифинг барысында Жұманғарин.
Айта кетсек, Qazaq Air 2023 жылы сатылымға қойылды: 18 тамызда "Самұрық-Қазына" АҚ қорына тиесілі авиакомпанияның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сатуға арналған ашық екі кезеңдік конкурстың басталғаны хабарланды. Акциялардың бастапқы әрі ең төменгі бағасы 10,2 млрд теңге болып белгіленді. Активті бірден сату мүмкін болмады. 2023 жылдың 13 қарашасында жарияланған конкурс өткізілмеді деп танылды. 2024 жылдың қаңтарында "Самұрық-Қазына" қайта конкурс жариялады, алайда екіншісі де сәтсіз болды. Qazaq Air-ды сатып алатын инвестордың табылғаны 2024 жылғы 23 мамырда белгілі болды: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдағы бизнес-форумда сөйлеген сөзінде вьетнамдық Sovico Group әуе компаниясының ұсынысын қолдап, пікір білдірді. Бірақ бұл келіссөздің өзі де бір жылға созылды.
Бұған дейін сайтымызда "Въетнамдағы тұңғыш миллиардер әйел және Қазақстан" деген мақала жарияланған болатын.