Сотталған экс-генерал Күдебаевтың отбасының басы тағы дауға қалды

Сағыныш Сардарова 28 февр. 2024 17:18 7273

Сотталған экс-генерал Күдебаевтың отбасының басы тағы дауға қалды. Бұл туралы Свидетель.KZ арнасы жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арна мәліметіне сүйенсек, Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Серік Күдебаевтың ұлы Темірлан Мырзақұлға және оған тиесілі "Кеңсай-агро" ЖШС-ға, сондай-ақ, бұрынғы генералдың ағасы Мұратбек Күдебаевқа қатысты сот ісін қозғады.

"Алматы облысы экономикалық сотының 2024 жылғы 2 ақпандағы жеке қаулысына сәйкес, сөз 2015 жылғы қарашада және 2019 жылғы қазанда Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі бұрынғы жоғары дәрежелі полиция қызметкерінің ағасы Мұратбек Күдебаевқа берген жер учаскелері туралы болып отыр.

Талапкер жерді беру кезінде заңбұзушылықтар болған деп санайды. Сондай-ақ, департамент Мұратбек Күдебаев пен "Кеңсай-агро" ЖШС арасында 2020 жылғы 8 желтоқсанда жасалған жарғылық капиталға беру туралы шарттың күшін жоюды талап етіп отыр. Анық-қанығы әзірге белгісіз", - деп жазды арна.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да Күдебаевтың отбасы ауыл шаруашылығымен айналысатыны белгілі.

"Оның туған ағасы Мұратбек Күдебаевтың Алматы облысындағы Шиен кентінде орналасқан "Болашақ" атты шаруа қожалығы бар. Statsnet порталының бағалауы бойынша он жыл ішінде экс-генералдың ағасы агробизнестен 390 миллион теңгеден аса ақша тауып, 8 миллион теңгеге жуық салық төлеген", - деп жазылған арна мәліметінде.

Свидетель.KZ деректеріне сүйенсек, сотталған полиция қызметкерінің ұлы Темірлан Мырзақұл "Кеңсай-агро" ЖШС-ға иелік етіп отыр. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестікке осыған дейін оның немере ағасы Бақтияр Әбдірайымов құрылтайшы және басшы болған. Кәсіпорын ірі қара және буйвол өсірумен айналысады.

Adata.kz мәліметінше, "Кеңесай-агро" ЖШС (шағын кәсіпорын) 2020 жылғы қазанда тіркелген. Жалпы салық аударымдары - 684 232 теңге (2024 жылы 14 350 теңге).

"2023 жылы компания басшысы сот процесіне қатысып үлгерген. 2021 жылғы қыркүйекте Темірлан Мырзақұл Іле ауданында аумағы 279 гектар жер учаскесін жалға алған. Оның ықпалды әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін аудандық жер қатынастары бөлімі келісімшартты бұзып, учаскені қайтарып алғысы келді. 2023 жылғы шілдеде Алматы облысының экономикалық соты жер беру туралы келісімшарттың күшін жойды", - деп жазды арна.

Былтыр көктемде Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол генерал-майор атағынан айырылып, билікті асыра пайдаланғаны және азаптау дерегі үшін кінәлі деп танылды. Кейінірек оған Түркияға қашқаны үшін жарты жыл қосылды. Экс-шенеунік жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді. 

Оған кезінде халықаралық іздеу де жарияланды. Өйткені ол шетел асып кетті. Дегенмен Күдебаев ресми шекара бекеттерінен өтпегені айтылды. Кейінірек Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлі Күдебаевтың тау ішінде жеке шаруашылығы бар екенін де мәлімдеді. Бұл ақпарат оның елден қалай қашуы мүмкін екенін анықтау барысында айқындалды.

"Болжам бар. Жұмыс жалғасып жатыр. Түсінесіздер ғой, тау жотасы 672 шақырым болады. Оның өзі туған жерде - тауға жақын елді мекенде шаруа қожалығы бар. Жақсы жолсеріктер болуы да мүмкін. Тау арқылы шығатын нұсқаны қарастырып жатырмыз", - деп түсіндірген еді сол кезде Алдажұманов.

Ақыр аяғында Күдебаев Түркиядан ұсталып, елге әкелінді.


Рекомендовать
Последние новости