Шымкентте 17 жастағы жасөспірім автобус жүргізушісін соққыға жыққаны үшін қамауға алынды

Қаракөз Амантай 18 июн. 2025 09:56

Шымкент қаласында 17 жастағы жасөспірім автобус жүргізушісін аяусыз ұрып-соқты деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиға 12 маусым күні “Бекжан” базарының маңында №52 бағытындағы автобуста болған. 34 жастағы жүргізуші — Мақсат Жолаевтың айтуынша, ол жасөспірімнен жолақысын төлеуді сұраған. Алайда жауап ретінде бала оған тіл тигізіп, автобустан түсуін талап еткен.

“Мен сыртқа шықтым. Үш жігіт дайын күтіп тұр екен. Біреуі басымнан балғамен ұрды. Екіншісінің қолында кастет болды. Бетімнен бірнеше рет ұрып, бетімді жырып жіберді. Содан кейін есімнен танып қалдым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ”, – дейді Мақсат Жолаев.

Жүргізуші есінен танып қалған. Жедел жәрдемді аялдамада тұрған куәгерлер шақырған. Басынан ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда ол жалпы палатаға ауыстырылғанымен, дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.

Полиция 17 жастағы күдіктіні ұстады. Қазір оған қатысты Қылмыстық кодекстің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша іс қозғалып, сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.


Рекомендовать
Последние новости