Шығыста ғылым мен өндіріс өркендеп келеді

Dalanews 22 сент. 2017 13:36 944

Өскенмен қаласында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысып жатқан жұмысшы тобының мүшелерімен кездесу болып өтті. Жүздесуде облыс аумағындағы ғылымды дамытудың маңызды мәселелері талқыланды.



Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары дайындаған  7 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асып жатқаны белгілі. Ғалымдар қолға алған ғылыми-зерттеу жұмыстары ШҚО аумағындағы алпауыт өндіріс ошақтарының жұмысын жетілдіріп, жаңа өнім алуға бағытталған.

Осылайша Шығыс Қазақстандағы ғалымдар мен өндірісшілер бірлесіп, өзіндік құны жоғары және сырт елдерге экспорттауға бағытталған жаңа өнім алу жолында еңбек етіп жатқанынан біраз уақыттың жүзі болды. Естеріңізге сала кетеміз, өңір басшысы үстіміздегі жылдың маусым айында маңызды ғылыми жобалардың экономикалық-техникалық негіздемесін дайындауға тапсырма берген болатын. Содан бергі үш ай ішінде жұмысшы тобы нарыққа терең маркетингтік талдаулар жасап, маңызды қорытындыларға қол жеткізіпті. Жұмысшы тобының қорытындысымен танысқаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов:

– Бәсекелестіктен қорқудың қажеті жоқ. Оның үстіне бізде экономикалық тұрғыдан жабық нарық. Ең бастысы, біздер жаңа өнім түрін дайындағанда, оған қажетті шикізатты өз жерімізден өз бағасында аламыз. Сондықтан ғылыми-техникалық жобаларды іске асырғанда қаржыландырудан мәселе болмайды, – деді.

Бүгінде шығысқазақстандық ғалымдар МРТ жабдықтарын жасауға қажетті жоғары сапалы сымдар, тантал,  ниобия және титаннан имплантат жасау, қорғасын мен мырыш алудың маталургиялық үдірсін жетілдіру ісімен айналысып жатқанын айта кетуіміз керек.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости