Шығыста "Дала әуені" басталды. Жоба нені көздейді?

Dalanews 19 дек. 2021 12:30 807

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында дәстүрлі «Дала әуені» жобасы басталды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Облыстың ауқымын қамтитын іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа ұлттық аспаптарды дәріптеу. Шараны ұйымдастырушылар ұлттық аспаптарды насихаттау арқылы оларды туризм саласында ұтымды қолдануға үйретпек.

Атап айтарлығы, бүгінгі таңда Өрел, Қатонқарағай ауылындағы орта мектептер даңғара, сырнай, шаңқобыз сынды аспаптардың қыр-сырын меңгеруде. Ұлттың аспаптардың әуезді үнінен еліткен оқушылар  оркестр де құрған. Қатонқарағай ауылындағы Ластаев отында орта мектептің 8-ші сынып оқушылары шаңқобыздың дауысында көне дәуірдің үні бар дейді.

"Осынау аспаптан шыққан әуен туған өлкемнің табиғатын көз алдыма әкеледі. Сондықтан осы аспапты таңдап, қазір қыр-сырын меңгеріп жүрмін.  Бұл дыбысты мен ішімнен ою деген сөзді айтып тұрып шығарып тұрмын және ою деп естіледі. Қазақтың ұлттық оюы көз алдыма елестейді", – дейді осы мектептің өнерпазы Гүлім Оразалина.

Ұлттық аспаптар ауданды тұрақты дамыту қорының демеушілігімен жинақталған екен. Қор 12 миллон теңгеге 121 дана инструмент сатып алған. Олар әзірге Қатонқарағай және Өрел мектептеріне үлестірілді. Барлығы кәсіби деңгейде жасалған.

Аталған білім ордаларында ұлттық аспаптың тілін меңгергісі келетін оқушылардың үйірмесі құрылған. Мектептегі музыка пәнінің мұғалімдері осынау үйірмеге келген оқушылардан оркест жасап, болашақта шетелдік байқауларға қатысуда көздеп отыр, өлкеге келген туристерді де таң қалдыруға дайын.

"Оқушыларымыз жетігенде, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғыны меңгеріп, үйреніп жатыр. Мектебімізде бұрын соңды болмаған, оқушылар көрмеген даңғара, аса таяқтың түр-түрі келді. Аспаптардан бөлек ауыл мектептеріне қаладан кем түспейтіндей жағдай жасалуда", – дейді осы орайда ұстаз Нұрдана Омарқызы.

Қатонқарағайды дамыту қоғамдық қорының директоры Серік Жүнісовтің айтуынша қор белсенділері мұнымен шектелмей, ауданға қарасты Үлкен Нарын, Қатонқарағай, Үріл мектептерін толықтай жабдықтап шықпақ. Осы мақсатқа 600 млн теңге бағытталмақ.


"Ауылдың балалары да роботты техника тілін де меңгеріп алған. Қала мектебінен кем түспес үшін әлі де қаражат бөлініп, заманауи кабинеттер түгелдей жабдықталмақ. Бұл шалғайдағы жұрттың шаһарға үдере көшуін тоқтатудың негізгі бір амалы", – дейді Серік Жүнісов.

 

Рекомендовать
Последние новости