“Тозығы жетіп, қаңырап тұр”. ҚазҰУ Суденттер сарайының қазіргі жай-күйі қандай?

Қаракөз Амантай 13 нояб. 2025 17:35

Еліміздің жетекші жоғары оқу орны саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы ұзақ уақыттан бері көптің сынына ұшырап келеді. Себебі мәдени шаралардың орталығы болған еңселі сарайдың жөндеу жұмысы бір жылдан астам уақыт бойы созбалаңға салынған. Бүгінде алқам-салқамы шыққан ғимараттың сыртқы келбеті мен ішкі жағдайы университет беделіне көлеңке түсіріп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жөндеу жұмысы туралы не белгілі?

2024 жылдың желтоқсан айында сарайдың қасбетінің бір бөлігі алына бастады. Бүгінде ғимараттың сырты мен іші қаңырап тұр. 

Ал ҚазҰУ әкімшілігі өз кезегінде ғимарат толықтай қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеді. Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, студенттер сарайы пайдалануға берілгеннен бері 30 жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген, салдарынан ғимараттың техникалық жағдайы айтарлықтай нашарлаған.

“2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп, тіреуіш және қоршау конструкцияларынан бірқатар ақау анықтады. Атап айтқанда, жекелеген темірбетон арқалықтар мен қабырғалардың болмауы, тіреуіш колонналардың тат басуы мен қисаюы, түйісу бөліктерінің бұзылуы, шатыр жабындысы мен жылу оқшаулау қабатының зақымдануы байқалды. Ақаулардың басым бөлігі әрлеу қабаттарының астында жасырылған”, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстары әр 20–25 жыл сайын жүргізілуі тиіс екенін, алайда бұл мерзім әлдеқашан өтіп кеткенін атап өткен. Сонымен қатар, 2024 жылғы қаңтар айында Алматыда болған жер сілкіністері ғимаратқа қосымша зақым келтірген.

“Анықталған ақаулар мен сейсмикалық қауіптерді ескере отырып, университет ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып, оның конструкциялық беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нысанды қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады”, — деп мәлімдеді ҚазҰУ баспасөз қызметі.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, ішкі әрлеу қабаттарын ашпай, ақауларды көзбен анықтау мүмкін болмаған.

Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының қайта жаңғырудан кейінгі дизайн жобасы қандай болмақ?




Алматы қаласының мәдениет басқармасының пікірі

Бұған дейін Алматы қаласының мәдениет басқармасы студенттер сарайында жөндеу жұмыстары заңсыз басталғанын мәлімдеген еді.

Басқарма хабарлауынша, студенттер сарайы 2021 жылғы 17 наурыздағы №1/191 қаулыға сәйкес қалалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген (№115).

Басқарма өкілдері ҚазҰУ тарапынан ғимаратта ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу туралы өтініш түскенін айтты. Алайда “Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы” заңның 32-бабының 2-тармағына сәйкес, мұндай жұмыстар **ғылыми-жобалық құжаттамаға сай жүргізілуі тиіс”.

“Осыған байланысты басқарма заңнама талаптарына сәйкес әзірленген ғылыми-жобалық құжаттаманы ұсыну қажеттігі туралы жауап берген. Алайда бүгінгі күнге дейін тиісті құжаттар ұсынылған жоқ. Заңның 37-бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнаманы бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеледі”, — деп хабарлады басқарма өкілдері.

ҚазҰУ төңірегіндегі тағы бір заңбұзушылық

Еске салайық, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек жер мәселелеріндегі сот шешімдерінің орындалмауына қатысты басты проблемаларды атаған еді.

Республикалық жер комиссиясы төрағасының орынбасары, депутат Бақытжан Базарбек Қазақстандағы жер мәселелері бойынша сот шешімдерінің орындалмауына байланысты ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолдаған.

Депутаттың айтуынша, сот шешімдері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңындағы заңсыз иеленген жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс еді, алайда ол жер әлі күнге дейін мемлекетке берілмеген, ал бизнес-орталық бұзылмаған.

“Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңындағы заңсыз иеленген жер учаскесі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылуы керек еді, ал ол жердегі бизнес-орталық бұзылуы тиіс болатын. Алайда бұл жер әлі күнге дейін мемлекетке берілмеген, ал бизнес-орталық әлі де жойылған жоқ”, — деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости