Алматыда ата, бала, немере және шөбере туындыларының көрмесі ашылды

Ақтоты Жапатова 14 июл. 2025 16:00

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде еліміздің танымал шығармашыл әулеттерінің бірі – Қасымбековтер отбасының туындыларына арналған «Өнерлі әулет өрнегі» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасымбековтер әулетінің түп-тамыры Жетісу Алатауының етегіндегі қасиетті Талды өңірінен бастау алады. Табиғат пен тарих, ұлттық рух пен өнер тоғысқан бұл мекеннен шыққан әулетке көркемдік талғам, еңбекқорлық пен шығармашылық шабыт дарыған.

Көрмеге бірнеше буын өкілдері – соғыс ардагері, суретші әрі өнертапқыш Ахметқали Қасымбековтің ұрпақтары: балалары Болат, Манарбек, Жанаргүл, Бегайым, немерелері Айғаным Дулатқызы, Гүлмира Аппасова, Назерке Манарбекқызы, Ілияс Слямғазы, Өркен Қасымбеков, Әдемі Нұртілеу және шөберелері Хамза Дулатұлы мен Ален Избасаров қатысуда.

Экспозицияда көрермендер әр суретшінің өзіндік қолтаңбасын, көркем тілдің уақытпен бірге дамуын және әулеттің ортақ рухани сабақтастығын байқай алады.

Көрме жетекшісі Гүлмира Жұбанованың айтуынша, мүсінші Болат Қасымбековтің еңбектері экспозицияның маңызды бөлігін құрайды. Онда шебердің әр кезеңдегі еңбектері қойылған, соның ішінде: «Қорқыт» (2013), «Абыз ата» (2012), «Алма ұстаған бала» (2012), «Абай Құнанбаев» (2019), «Дінмұхамед Қонаев» (2020), «Шахмат фигуралары» (2023–2024) және 2024–2025 жылдары жасалған жаңа қола туындылары бар. Сонымен қатар, «Елтінді батыр», «Шоқан Уәлиханов», «С.Нұрмағамбетов», «Бағай батыр» сынды монументалды мүсіндердің фотоматериалдары ұсынылған.

«Өнерлі әулет өрнегі» көрмесі – Қасымбековтер әулетінің шығармашылық шежіресін, отбасылық дәстүр мен рухани сабақтастықтың маңызын паш ететін ерекше мәдени шара. Көрме ұлттық көркем мұраны сақтау мен дамытуға, жаңа буын суретшілеріне шабыт беруді мақсат етеді.


Рекомендовать
Последние новости