Шерзат ісіне қатысы бар күдіктілердің туған күн тойлауы: Сәденов пікір білдірді

Қаракөз Амантай 22 мая 2025 09:34

Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктілердің туған күнді атап өтуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Шерзат Б.-ға қатысты істе қамтылған, күдіктілерді ұстау жағдайларына байланысты жолданған өтініште көрсетілген деректер бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде кінәлі алты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, — деді министр Саденов Мәжіліс депутаты Максат Толықбайдың сауалына жауап бере отырып.

Айта кетейік, Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің изоляторда туған күн тойлаған видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді.

Бұл жағдай қоғамда тағы да резонанс туғызды. Артынша Алматы облысының Полиция департаменті мән-жайды түсіндірді.

"Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды", — деп мәлімдеді полиция.

Кейін Шерзат Болаттың ісі бойынша күдіктілерден ұялы телефон, Алиса құрылғысы тәркіленген. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты мәлімдеді.

Адвокаттар құқық қорғау органдарына сұрау жіберген. Желіде тараған оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған.

Адвокат Ерлан Адаевтың сөзінше, бұл жағдай бойынша құзырлы органдардан толық ақпарат сұратқан.

"Еңбекші қазақ ауданындағы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Қорытынды Алматы облысысың полиция департаментіне жіберілді. Іске қатысты лауазымды тұлғалардың бәрі де анықталды. Олар тәртіптік комиссия шешімімен жазаға тартылады. Тергеу изоляторында қолданылған заңсыз заттардың бәрі – мобильді телефон, Яндекс-колонка тәркіленіп, қызметтік тергеу матерталдарына тіркелді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді", – деген ол.

Ресми дерекке сүйенсек, бейнежазбаны бұрынғы изолятор қызметкері жеке телефонына түсірген көрінеді. Ол қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмысынан босатылып, арнайы атағынан айырылды. Сонымен қатар бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Министрліктің мәліметінше, 16 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен қуылды. Олардың қатарында изолятор бастығы да бар.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Араға біраз уақыт салып Шерзаттың ағвсы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.


Рекомендовать
Последние новости