БҚО-да 25 ауылдық кітапхана модернизациядан өткізілмек

Ақтоты Жапатова 22 мая 2025 13:10

Батыс Қазақстан облысында алғаш рет мәдениет саласында ауқымды жаңғыру жобасы жүзеге асырылуда. «Қазақстан халқына» қоры мен жергілікті әкімдік бірлесіп, 25 ауылдық кітапхананы жаңғырту ісін қолға алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл игі бастама еліміздегі мәдени инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған алғашқы жобалардың бірі. Батыс Қазақстан облысында бүгінде 357 мемлекеттік кітапхана жұмыс істесе, оның 333-і ауылдық жерде орналасқан. Соның ішінде 6 аудандық және 19 ауылдық кітапхана жаңғырту жобасына іріктеліп алынды.

Жоба аясында арнайы жұмыс тобы кітапханалармен танысып, олардың ерекшеліктерін ескере отырып дизайн жобалар дайындады, пайдаланушылардың ұсыныс-талаптарын назарға алып, техникалық тапсырмалар жасалды.

Жөндеу жұмыстары облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізілуде. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан қаражат бөлініп, заманауи құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алынды. Оның ішінде әр кітапханаға 800-ден астам кітап, жалпы саны 20 195 дана жаңа кітап қорымен толықтырылды.

Жобаның негізгі мақсаты — ауыл кітапханаларын тек кітап оқу орны емес, жергілікті қауымдастықтың дамуына серпін беретін көпфункционалды мәдени орталықтарға айналдыру. Бұл бағытта кітапханаларда IT аймақтар, конференц залдар, кинозалдар, шығармашылық және демалыс кеңістіктері құрылып, түрлі үйірмелер мен іс-шараларға жол ашылды.

2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың сәуіріне дейін Жаңақала, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық, Бөрлі, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала аудандарындағы 14 ауылдық кітапхана қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың мамырында тағы 6 ауылдық кітапхана ел игілігіне ұсынылады. Жоба 25 маусымда Тайпақ және Щапово ауылдық кітапханаларының ашылуымен өз мәресіне жетпек.

Жаңғыртылған кітапханаларда дыбыс жазу студиясы мен би залы да іске қосылып, жастардың шығармашылығын шыңдайтын, жаңа идеяларды жүзеге асыратын орталыққа айналып отыр. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Алматы қаласында «Тана» қоры ұйымдастырған біліктілік арттыру курсынан өтті.

Бүгінде жаңғыртылған кітапханаларда түрлі үйірмелерге, шығармашылық алаңдарға қатысушылар саны артып келеді. Ауыл тұрғындары үшін бұл кеңістіктер өзара қарым-қатынас құруға, рухани және кәсіби дамуға, заманауи ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Ауыл кітапханалары — енді тек кітап оқитын орын ғана емес, ауыл өмірінің мәдени-рухани жүрегіне айналуда.


Рекомендовать
Последние новости