Өзін-өзі «пергілеп» жатқан қазақтың Әлиханы саяси анекдот кейіпкеріне ұқсап барады

Көркем Алдабергенова 22 мая 2025 11:00

Жақында Жоғарғы аудиторлық палата 2024 жылғы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасап, ондағы жүйелік проблемаларды сын садағына алған болатын. Бірақ ондағы проблемалардың барлығы Жоғарғы аудиторлық палатаның қазіргі басшысы, 2022-2024 жылдары Үкіметті басқарып, Премьер-Министр болған Әлихан Смайыловтың тікелей мұрындық болуымен туындаған. Сондықтан аудиторлар өздерінің бірінші басшысын сынап жатыр деп есептеуге болады. Ал ол есепке палата төрағасы ретінде Әлихан Смайылов қол қояды.

«Бұл саяси садомазохизм бе, әлде өзінің үкімет басқарған уақыттағы қателіктерін мойындау ма, ол жағын әркім өзі шеше жатар. Бірақ дәл осы Әлихан Асханұлының премьерлігі тұсында ұлттық компаниялар акциясын сатып алу сынды Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттен тыс ақша тартудың күдікті схемалары ойлап табылып, қолданылған болатын. Қазақстан осының зардабын әлі ұзақ жылдар бойы тартатын болады. Созылмалы дефицит, бюджеттің басқа да жүйелік проблемаларына экс премьерлер Асқар Мамин мен Әлихан Смайылов тікелей жауапты. Олар пандемия кезінде пайда болған орасан мемлекеттік қаржы шығынын ары қарай дұрыс басқара алмады», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Әлихан Смайылов 2022 жылы «Қаңтар оқиғасы» аяқтала салсымен, сол қаңтарда Үкімет басшысы болып тағайындалды. Ол қызметінен Асханұлы 2024 жылдың басында, яғни ақпан айында кетті. 2024 жылғы бюджет параметрлерін Смайыловтың кабинеті толықтай өздері бекіткен.

«Смайыловтың үкіметі 2023 жылы бизнестен қосымша құн салығы ретінде 600 миллиард теңге қайтаруы тиіс еді. Оны істемеді. Артынан жыртықты жамау үшін олар қарыз алды. Сол кезде 2023 жылғы бюджеттің «тесігі» 1 триллион теңгеден асып кетті. Ал 2023 жылдың наурыз айында министрлер кабинеті трансфертті 800 миллиард теңгеге тағы да арттырып, дефицитті 2 триллион теңгеден асырып жіберді», - дейді дереккөз.

2024 жылы Үкімет басына келген Олжас Бектенов бәрібір тез арада ештеңе өзгерте алмайтын еді. Сондықтан 2024 жылғы бюджеттің орындалуы, оның картинасы Әлихан Смайылов сызып кеткен болжамды картинамен жүрді. Және алдын-ала бекітілген бұл есеп мүлде жарамсыз болып шықты. Сол себепті биыл Олжас Бектенов кабинеті қатаң салық реформасын жасап, бюджет кірістері мен шығыстарын толық бақылауға алуға шешім қабылдаған.

Олжас Бектеновтың бюджет пен мемлекеттік қаржы бойынша жұмысын 2025 жылғы қорытындыдан кейін бағалау керек. Ал салық реформасының алғашқы нәтижелерін біз 2026 жылдың аяғында көре бастаймыз. Сол кезде Жоғарғы аудиторлық палатаға өзінің барлық талантын көрсетуге жол ашылады.

Ал палатаның қазіргі «бес ешкіні жеп қойып ысқыруы» Астанадағы біраз адамның күлкісін келтіріп, біршама отырыстарда саяси андекдотқа айналып кетті. Бұл ұйым Палата статусына әлі тартпайтын сияқты. Сондықтан Есеп комитеті деген ескі атын қайтарып бере салған дұрыс.


Рекомендовать
Последние новости