«Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп» – депутат такси мәселесі жайлы

Көркем Алдабергенова 21 мая 2025 13:36

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов шетелдік такси агрегаторларына қойылатын талаптарды қайта қарау қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, сандық платформалардың қарқынды дамуы салдарынан елімізде автовокзалдардың маңызы жойылып, қалааралық тасымал көлемі қысқарып жатыр, ал таксопарктер іріленіп немесе мүлде жабылып жатыр.

– Қазақстандағы жүздеген мың жүргізуші такси агрегаторларына қатты тәуелді болып қалды. Әрбір тапсырыстан отандық жүргізушіге небәрі аз ғана табыс қалады, қалғаны шетелге кетеді. Біздің күнделікті өмірімізге терең енген бұл сервистердің белгілі бір үлесі еліміздің ішкі қаржы айналымынан тыс қалып отыр. Біз оларға тәуелді бола отырып, ішкі экономикамызға елеулі шығын келтіріп отырмыз, – деді Жайымбетов депутаттық сауалында.

Депутаттың мәліметінше, цифрлық такси платформалары жүргізушіден 16 пайызға дейін комиссия ұстайды, оған таксопарктер қосымша 2-4 пайыз қосады. Соның салдарынан жүргізушінің негізгі табысы комиссияға кетіп, лайықты ақша табуға мүмкіндік қалмайды.

– Шетелдік платформалар нарықтағы үлесін тиімді пайдаланып, үстем жағдайға ие болып отыр. Ал отандық қосымшалар қолдаудың аздығынан бәсекеге төтеп бере алмайды. Бәсекенің жоқтығы тұтынушылар таңдауын шектейді, сапа мен баға мәселелері шешілмей қалады.

Азаматтар жеке қабылдау кезінде такси тарифінің негізсіз өсуіне шағымданып жүр. Әсіресе мереке күндері немесе ауа райы күрт өзгергенде бағалар бірден шарықтап кетеді. Осылайша шетелдік платформалар жүргізушілер мен жолаушылардың қаржысын қоса алғанда, ондаған миллиард теңгені ел экономикасынан шығарып отыр, – деді депутат.

Ұлттық қауіпсіздікке қауіп

Депутаттың айтуынша, бұл жағдай елдің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, нарықтағы монополиялық жағдай бұл платформаларға табысты ешқандай бақылаусыз ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Ұсыныстар

Жағдайды түзету үшін Жайымбетов бірнеше ұсыныс айтты:

Отандық цифрлық такси платформаларын құру,

Қазақстанның цифрлық картасын әзірлеу – бұл нарық үшін инфрақұрылымдық маңызды шешім,

Ірі агрегаторлардың комиссия мөлшеріне шектеу қою – оны 3-5 пайыз деңгейіне дейін түсіру,

Такси, азаматтық авиация және теміржол жолаушылар тасымалы салаларында динамикалық баға қалыптастыруды реттеу, себебі бұл салаларда негізгі шығындар өзгермейді, тек сұраныс ауытқиды.

– Нарықта тұрақты монополия қалыптасқан жағдайда, ірі агрегаторлардың комиссиясын реттеуге бағытталған баға саясатын енгізу қажет, – деді Жайымбетов.


Рекомендовать
Последние новости