Бүгін Түркістанда мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған «Шексіз мүмкіндік» облыстық өнер фестивалі өтті. Іс-шараға Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Бүгін керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Қоғамда ерекше жандарға әркез құрмет жоғары. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық! Өнерлі азаматтарға шығармашылық табыс тілеймін! – деді басқарма басшысының орынбасары.
Аталған шараға арысы Астана мен Шымкент қаласынан, берісі Қызылорда облысы мен Түркістан өңірінің аудан, қалаларынан қатысты.
Таланттар жиналған байқауға бас аяғы 50-ге жуық өнерпаз бой көрсетті. Патриоттық және мерекелік әндерді шырқап, бойдағы өнерін паш еткен дарын иелеріне сый-сияпат табысталды.
Шара барысында қылқалам және қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі де көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Түркістан» брендімен құнды сыйлар берілді. Ынталандыру мақсатында барлығына алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, фестиваль мақсаты – ерекше дарынды жастар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау білдіріп, ұлттық рухта тәрбиелеу.