Шахисмаил Асиев: «Түріктер қазақ тілін меңгеруде өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетуі тиіс»

Dalanews 10 нояб. 2020 10:52 939

        

Таяуда Алматы облысы бойынша «Ахыска» этномәдени орталығы филиалының жетекшісі Шахисмаил Асиев мырзамен кездесіп сұхбаттасудың сәті түсті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалының белсенді мүшесі тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін кез келген ел азаматы өз ісінің патриоты болып еңбек етсе, Қазақстан биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізе беретінін алға тартты. Тұшымды ой айтып, Қазақстандағы ұлтаралық татулық, қоғамдық келісім төңірегіндегі сүбелі ойларын ортаға салды. Енді сұхбатқа назар аударсаңыздар.

 

– Шахисмаил Ахметұлы, қазіргі жастар қазақ жерінде түрік ағайындардың қалай келгенін білмеуі мүмкін. Әңгімеміздің әлиқиссасында бауырлас түрік ағайындардың Қазақстанға қалай келгені жайында аз-кем мәлімет бере кетсеңіз.

– 1941 жылы Грузияның Түркиямен шекаралас бес ауданын мекендеген месхед түріктерінің жігіттерін майданға аттандырған, осы кезде 40 мың түріктің 26 мыңы қаза тапқан. Түрік ұлтынан жеті адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, мыңдаған адам түрлі марапатпен мадақталған. Қазіргі таңда месхед түрігінің көпшілігі Казақстанның онтүстігіне шоғырланған.

Ұлы Отан соғысына аттанған 27 мың түрік қанды шайқаста көз жұмса, 16-17 мыңдай адам түрлі деңгейде жарақат алған. Олар соғыстан кейін елге оралғанда, жергілікті қазақтардың отбасыларына қалай қамқорлық танытып, ажалдан арашалап қалғанын көріп, қатты қуанған екен. Түріктер Кеңес өкіметі құлағаннан кейін еркіндіктің дәмін татты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік.

Қазіргі таңда түріктер Қазақстанның толыққанды азаматына айналып, өзінің мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытып отыр. Осындай мамыражай жағдайға жетуіміз үшін талай зұлматты бастан өткердік. Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам түрік тату-тәтті ғұмыр кешуде. Кеңес заманында түріктер өзінің түрік екенін айта алмады. Сол себепті көптеген түріктер қуғын-сүргін жылдары өздерінің құжатына әзірбайжан деп жаздыруға мәжбүр болды.

– Түрік ағайындарды еліміздің барлық облысынан кездестіруге болады. Жалпы, қай өңірде түріктер көп қоныстанған?

– Дұрыс айтасыз, Қазақстанның 10 облысында түріктер тұрады.  Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Ахыска» этномәдени орталығының көптеген облыста филиалдары жұмыс істейді.

– Сіздің «Ахыска» этномәдени орталығының Алматы облысы бойынша филиалының жетекшісі екеніңізді білеміз. Өзіңіз жетекшілік жасайтын осы ұйымның қандай мәселелермен айналысатынын айтып өтсеңіз.

– Біздің «Ахыска» этномәдени орталығы түрлі бағытта жұмыс істейді. Айталық, «Ахыска» ұйымы спорт, білім беру, еліміздегі түрік жастарына қазақ тілін үйрету ісімен және түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысатынын атап айтуға болады. Бүгінде біздің басты мақсатымыз түрік жастарының бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстарымызды жүйелеп іске асыру үшін жиі бас қосып, кеңесіп тұрамыз.

Қазақстандағы түріктердің көшбасшысы Зиятдин Касанов спорт пен білім беру саласына айрықша мән береді. Осы бағыттағы жобалардың үздіксіз жалғасуына күш салып келеді.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бері қазақ жерін мекендейтін түріктер ауылды жерлерде 27 мешіт пен 17 спортзалдың ашылуына тікелей атсалысқанын мақтанышпен айта аламын. Ашылған спортзалдардың бәріне қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Ауыл жастарының қолдары бос кезінде спортпен айналысып, денсаулығын жақсартуға жағдай жасап келеміз.

Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын су басқаннан кейін біздер ауылға гуманитарлық көмек көрсетіп, су басқан ауылға спортзал мен монша салып берді.

«Ахыска» деп аталатын газетіміз де кідіріссіз шығып келе жатқанын атап айтуға болады. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан Қазақстандағы түріктер еліміздің тәуелсіздігін нығайтуды басты азаматтық парызы санайды.

– Шахисмаил «Ахыска» этномәдени орталығы түрік жастарына қазақ тілін үйрету ісімен айналысатынын айтып қалдыңыз. Осы бағыттағы жеткен жетістіктеріңізбен бөлісе отырсаңыз?

– Өз басым қазақ тілін меңгеруде Қазақстандағы түріктер өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетуі керек деп есептеймін. «Ахыска» этномәдени орталығының құрамында қазақ тілін үйрету ісімен айналысатын арнайы бөлім жұмыс істейді. Міне, ондаған жылдан бері біз үзбей қазақ тілін үйренушілер арасында олимпиадалар ұйымдастырып, жұрттың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырып келеміз. Осы уақыт аралығында жүздеген адам қазақ тілін меңгеріп, өздерінің таным көкжиегін кеңейте түсті.

Жалпы, түріктердің қазақ тілін меңгеруі қиын емес. Өйткені қазақ тілі мен түрік тілі бір-біріне жақын тіл. Сондықтан қазақ пен түрік бір-бірімен сөйлескенде еркін түсінісе алатыны белгілі. Түрік балаларының қазақ тілі мен түрік тілін үйретуді 4-5 сыныптан бастап қолға алдық. Бұл үшін арнайы мұғалімдер жалдап, жүйелі жұмыс істеп келе жатқанымызды мақтанышпен айта аламын.

– Сіздердің ұйымдарыңыз Қазақстан мен бауырлас Түркиямен арадағы байланысты нығайтуға қаншалықты үлес қосуда?

– «Ахыска» Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін өзара байытуға, Қазақстан мен Түркия арасындағы жан-жақты мәдени байланыстарды дамытуға себебін тигізуде. Түрік халықтарының тарихын зерттеумен, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтаумен, дамытумен және мәдени ағарту қызметімен патриот азаматтар айналысуда.

Қазақстан түріктері арасында «Чичеклер» атты би ансамблі құрылған. Би ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыратын барлық мерекелік іс-шараларда белсенділік танытады. 2001 жылы «Тәтті бұлақ» атты түрік тіліндегі көркем фильм жарық көріп, көрермендердің оң бағасын алған. Бұл көркем фильмнің сюжеті Қазақстандағы түрік диаспорының салт-дәстүрін, өмірі мен мәдениетін көрсетеді. Қазақ әуендеріне сабақтас келетін түріктің музыка өнері барынша дамыған.

Түрік музыкасыңда хиджаз, зенгуле, курды, гулистан секілді мақам көп. Түрік халық саз аспаптары түрі жағынан аса бай. Шекті аспаптары – мейдан, сарай сазы, бозық, бағлама, тамбур, жура, булгари, чалғы, чеку, чоғыр дабылғы, дамбура, дынғыра, габут, кеманча, кожесан, гумуз, тар, рұзба, чеште, бункар. Би музыкасының тынысы боп есептелетін үрлемелі, ұрмалы аспабына ребаб, тамбур, уд, ковар, дюдюк, зурна, дэф, давул жатады.

Қазақстанда түрік тілінде білім беретін мектеп пен лицейлер көп. Алматы облысының Қаскелең кентінде Сүлейман Демирел атындағы үлкен ғимаратта және Алматы қаласында «Карьер» университеттерінде қазақ пен түрік студенттері жоғары білім алуда. Қаламыздың кез келген жерінен түріктердің өте тойымды әрі дәмді дөнер орталықтарын кездестіруге болады.

Елімізде тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің үнемі сақталуына атсалысып, қоғамда береке-бірліктің нығаюына үлесін қосуға дайынбыз. Президентіміздің алдымызға қойған мемлекеттік тілді меңгеру тапсырмасы аясында толыққанды жұмыс атқаруда. Қазақстанда тұратын түріктердің 80%-ы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Қазақстандық патриотизмді әрбір азаматқа жеткізу, осы бағытта тәлім-тәрбие беру біздің бірлестігіміздің басты мақсаттарының бірі. Осыны жете түсінген түрік жастары жыл сайын Елордада бас қосып, өздерінің ұлттық мерекесін атап өтеді. Кездесу барысында олар ұлттық би түрлерін билеп, сонымен қатар әртүрлі ойындармен кешті қыздыра түседі. Қазақстанды пана тұтқан әр этнос өкіліне осындай жақсы жағдай жасаған Қазақ еліне қарыздармыз. Түріктің тілегі – қазақтың амандығы.

 

Рекомендовать
Последние новости