Семейде жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары 85 пайызға орындалған

Dalanews 20 сент. 2023 07:55 1205

Семейде қаладағы жылу қазандықтардағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күні кеше ғана Үкімет отырысында Абай облысының жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланғанын әкімдік хабарлаған-ды.

Әкімдіктің мәліметінше, өңірде жылу желілері мен көздерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Абай облысында 23,9 млрд теңгеге бөлініп, жылу желілері мен көздерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Тиісті мекемелер жөндеу жұмыстарының 85 пайызға орындалғанын, ал айдың соңына дейін барлық жұмыстардың аяқтайтындарын алға тартты.

Өңірдің жылыту маусымы кезінде көмірге деген қажеттілігі 1,245 млн тоннаны құрайды. Бүгінде облыстағы жылу электр станциялары мен жылу орталықтарындағы көмірдің қоры 48 мың тоннаны құрайды. Осылайша нормативке сәйкес жылу көздеріне көмір қамту ісі қазір таңда 181%-ды құрап отыр.  


Ал облыс тұрғындарын көмірмен қамту 34 пайызды құраған. Өңірде көмірді бюджеттік ұйымдарға уақытында жеткізу жұмыстары да жоспарға сай жүріп жатыр.

Әкімдік Ғаббасов атындағы жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарын 30 қыркүйекке дейін толық аяқтауды көздеп отыр. Мұнда қуаттылығы 20 Гкал/сағат қосымша қазандық қондырғысы орнатылған. Сонымен қатар №4 қазандықты монтаждау жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

– Бүгінде  жылу орталығының №2 және №3 қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары 80 пайызды құрады. Бұл – қазандықтар жылыту маусымының басына дейін дайын болады. Ал №1 қазандық резервтік қазандық болып табылады, оны 30 қазанға дейін іске қосамыз. Өңірдің жылыту маусымына дайындық жұмыстары менің жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Өңірде алдағы жылу маусымына дайындықтың жалпы барысы бекітілген жоспарға қатаң сәйкестікте жүргізілуде.

Рекомендовать
Последние новости