Саясаттанушы Назарбаев пен Путиннің кездесуінде күмәнді ештеңе жоғын айтты

Көркем Алдабергенова 30 дек. 2024 16:14 1616

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Путин мен Назарбаевтың кездесуі желіде қызу талқыланған болатын.

"Кейбір адамдар бұл әңгімені қарапайым етіп жеткізгені сонша, кездесуде ондаған журналист пен блогерлер болғандай әсер қалдырды", - дейді ол.

Оның сөзінше, билікке жақын адамдардың да, тәуелсіз сарапшы саналатындардың да Назарбаевсыз іштері пысады. 

"Ал енді ақпараттық кеңістікте ол туралы жаңалық шыққан соң, бірден тонналаған конспирологияны жарыса жазып жатыр. Назарбаев пен Путиннің кездесуі Қазақстан мен Ресей арасындағы қарқынды дамып келе жатқан қарым-қатынастар аясында Тоқаевқа қарсы бағытталуы мүмкін деген пікірдің негізсіз екенін атап өткім келеді.

Кездесудің мәнін түсіну үшін Ресей президенті посткеңестік кеңістік пен оның оңтүстік шекараларына қатысты мәселелерде тәжірибесі мол әріптесімен кеңесу үшін шақырған болуы мүмкін деген болжам әлдеқайда қисынды. Путин билікте ширек ғасыр болса да, Назарбаевтың саяси тәжірибесі одан әлдеқайда үлкен, және оның білімін, даналығын ортақ игілікке пайдаланбау ақылға сыймайтын әрекет болар еді", - дейді Әшімбаев.

Сонымен қатар,саясаттанушы Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында берік әрі сенімді қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.

"Жақын әріптестіктен кейін олардың байланысы бейресми форматта жалғасып келеді. Бұл жерде қылмыстық немесе күмәнді ештеңе көріп тұрған жоқпын", - дейді Данияр Әшімбаев. 

Айта кетейік, 14 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин өзінің Ново-Огарёво резиденциясында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдады. Алайда кездесу туралы ешқандай толық ақпарат жоқ.

Осыған қатысты бірнеше депутат Назарбаев пен Путиннің кездесуіне қатысты пікір білдірген болатын. Мәжілісмен Ермұрат Бапи бұл оқиғаны жақсылықтың белгісі емес деп санайды. Бұл кездесуге қатысты өз ойын оның әріптесі Айдос Сарым да айтты.

Ермұрат Бапидің пікірінше, бұл кездесудің саяси астары бар.

"Мен ол жерде болған жоқпын. Бірақ меніңше, ол (Назарбаев - ред.) қандай да бір кепілдікке мұқтаж болды. Назарбаев отставкаға кетер алдында бірінші кезекте Ресей президентімен кеңескен деп ойлаймын. Ол кепілдік алды, онсыз мұндай шешім қабылдамас еді. Ал қазір, мүмкін сол кепілдікті "жаңарту" үшін барды. Ол әлі де қоғамда өз маңыздылығын жоғалтпадым деп ойлайды", - деді депутат мәжіліс кулуарында.

Кейбір саясаттанушылар Путин бұл кездесу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қандай да бір белгі беріп, ескерту жасауда деп санайды. Ермұрат Бапи бұл нұсқаны қисынды деп есептейді.

"Сіздер байқадыңыздар ма, Тәуелсіздік күнімен ТМД елдерінің көбі, көптеген шет елдер құттықтады. Ақорда сайтына кіріңіздер, Путиннің құттықтауы жоқ. Бұл нені білдіреді? Мысалы, мен қатты алаңдаймын. Ол біздің тәуелсіздігімізді мойындағысы келмей ме? Өткен аптада ғана Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Медведев тағы қандай да бір елдерді одаққа қосу мүмкіндігі туралы айтқан болатын. Осы тұрғыда ол белгі бергендей. Ал бір аптадан кейін Қазақстан үшін ұлы күн - Тәуелсіздік күні өтті, бірақ Путиннен құттықтау жоқ. Мұндай жағдайлардан әртүрлі қорытынды шығаруға болады", - деп болжайды ол.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бұл кездесу екінші Қаңтардың белгісі болуы мүмкін деген пікірмен келіспейді.


Рекомендовать
Последние новости