Айдос Садықовтың өлімі: Бас прокуратура күдіктілерге қатысты тергеу жүргізуден бас тартты

Қаракөз Амантай 20 мая 2025 14:32

Қазақстанның Бас прокуратурасы оппозициялық журналист Айдос Садықовты өлтірді деген күдікке ілінген Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевқа қатысты тергеу амалдарын жүргізуден бас тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы марқұмның жары Наталья Садықова мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина Бас прокуратурасына жіберілген ресми жауапта тергеу жүргізуге “дәлелдердің жеткіліксіздігі” себеп ретінде көрсетілген (журналист Киевте қаза тапқан — ред.).

Наталья Садықованың сөзінше, украин тарапы күдіктілердің қылмысқа қатысы барына дәлел болатын маңызды айғақтарды жинап, Қазақстанға жолдаған. Алайда соған қарамастан, Жақанбаев тек қолхатпен босатылған, ал Қаратаев мүлде іздеуге де жарияланбаған. Бұл жағдайларды Наталья Садықова қылмысты жасыруға бағытталған әрекет ретінде бағалап отыр.

Еске салайық, 2024 жылдың 18 маусымында Киевте оппозициялық журналист, “Бәсе” арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Ол басынан оқ жарақатын алып, 13 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. 2 шілде күні түндеқайтыс болды.

Украина Бас прокуроры кеңсесі бұл қылмысқа Қазақстанның екі азаматының қатысы бар екенін жеткізген еді.

Олар Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты күдіктілерге тағылған айыпты "адам өлтіруге оқталу" бабынан "тапсырыс бойынша және топ болып адамды қасана өлтіру" бабына ауыстырды.

Украина Қылмыстық кодексіндегі "Тапсырыс бойынша және топ болып адамды қасана өлтіру" бабында 15 жылдан өмір бойына түрме жазасына кесу айыбы қарастырылған.


Рекомендовать
Последние новости