Саусақты сықырлату әдеті зиян ба?

Ақтоты Жапатова 04 нояб. 2025 01:00

Кей адамдар саусағын жиі сықырлатады. Біреулер бұл — зиянды әдет, буындарды зақымдайды десе, енді біреулер бұл, керісінше, қауіпсіз «гимнастика» дейді. Ал шын мәнінде, саусақ сықырлатудың зияны бар ма? Толығырақ Dalanews.kz материалында.

Саусақ сықырлаған кезде буында қысым күрт төмендеп, буын ішіндегі сұйықтық — синовиальды сұйықтық — «қайнап», ұсақ газ көпіршіктері түзіледі. Олар жарылғанда — бізге таныс «сықыр» естіледі.

Тағы бір нұсқа бойынша, сықыр буынның айналасындағы байламдар мен сіңірлердің қозғалысы кезінде пайда болады. Яғни бұл — буындардың табиғи реакциясы.

Дегенмен дәрігерлер саусақты тым жиі сықырлатпауға кеңес береді. Себебі ұзақ мерзімде буын элементтері қажалып, шамадан тыс қозғалыс буын тұрақтылығын әлсіретуі мүмкін.

Сықырдың пайда болуына әсер ететін себептер

Саусақтардың сықырлауына әртүрлі факторлар себеп болуы мүмкін:

  • буынға тұздың жиналуы;
  • жарақаттан немесе отадан кейінгі құрылымдық өзгерістер;
  • дұрыс емес тамақтану;
  • бұлшықет қабынуы;
  • темекі мен алкоголь;
  • артроз, яғни буын шеміршегінің тозуы;
  • туа біткен ерекшеліктер — буынның шамадан тыс қозғалғыштығы;
  • бұрын болған жарақаттар.

Халық арасында кең тараған мифтер

Халық арасында «саусақты сықырлатсаң, артрит болады», «буындар босап, қолың қисайып кетеді» деген пікірлер жиі айтылады.

Бірақ бұл пікірлер ғылыми тұрғыда расталмаған.

  • Сықырлатудан буын «орнынан жылжымайды» және шеміршек бұзылмайды.
  • Байламдардың беріктігі төмендемейді.
  • Буын капсуласының қабынуы дәлелденбеген.

Кей адамдар мұны психологиялық түрде стресті азайту немесе қолды сергіту ретінде жасайды.

Қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?

Егер саусақ сықырлаған кезде ауырсыну, ісіну, қызару немесе қозғалыс шектелуі байқалса — бұл қалыпты жағдай емес. Мұндайда артрит, артроз, немесе басқа буын ауруларының белгісі болуы мүмкін.

Міндетті түрде ортопед немесе ревматологқа көрінген жөн.

Дәрігер буын жағдайын анықтау үшін:

  • қан және зәр талдамасын,
  • рентген, УДЗ, МРТ немесе КТ зерттеулерін тағайындауы мүмкін.

Ауру анықталған жағдайда емдеу дәрі-дәрмекпен, физиотерапиямен немесе қажет болса отамен жүргізіледі.

Егер сіздің буындарыңыз сау болса, арасында саусақ сықырлату зиян емес. Бірақ ауырсыну, ісіну немесе қимыл шектеулігі болса — бұл әдеттен арылып, маманға көрініңіз.

Саусақ сықырлату — көп жағдайда физиологиялық құбылыс, алайда оны шамадан тыс қайталау буындарға қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан барлық нәрседе шаманы білу маңызды.


Рекомендовать
Последние новости